Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы кинонарықтың монополияға ұшырағанын айтып, кинотеатр желілерінің табысты әділетсіз бөліп отырғанына назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрияны ұлттық экономиканың басым бағыты деп айқындағанымен, кино саласында қалыптасқан жағдай бұл мақсатқа кедергі келтіріп отыр.
"Кино - жастарды тәрбиелеуде ең ықпалды құрал. Бірақ қазір бұл салада әділетсіздік белең алып отыр", - деді депутат.
Кассадан бірден 50 пайыз алады
Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, ірі кинотеатр желілері өздерінің үстем жағдайын пайдаланып, фильм прокатының алғашқы күнінен бастап кассалық түсімнің 50 пайызын алып отыр.
Мәселе таза пайдадан емес, тікелей жалпы табыстан - яғни сатылған билеттерден түскен барлық қаржыдан ұсталып отырғанында. Бұл киножобалардың өзін-өзі ақтауына үлкен кедергі келтіреді.
"Режиссерлер мен продюсерлер кинотеатрлардың қысымынан қорқып, үнсіз қалуға мәжбүр. Өйткені олар осы жасанды монополияға тәуелді", - деді Бейсенбаев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, фильм авторлары жарнама мен ілгерілету үшін бөлек төлемдер төлеуге, тіпті "көлеңкелі жарналар" беруге мәжбүр.
Мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдерден де пайда көреді
Депутатты ерекше алаңдатқаны - мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдерден де кинотеатрлардың ірі үлес алуы.
"Мысалы, мемлекеттік бюджет есебінен түсірілген “QAITADAN” фильмі прокатта бір миллиард теңгеден астам табыс тапты. Соның 550 миллионы кинотеатрларға кетті. Ал мемлекет фильмге бар болғаны 190 миллион теңге бөлген", - деді ол.
Төлеу сөзбен айтқанда, жекеменшік кинотеатр желілері бюджет қаржысы толық қайтарылмай тұрып, одан бірнеше есе көп табыс алып отыр. Депутат мұны жол беруге болмайтын жағдай деп атады.
Нарықты "таңдаулы топ" бақылап отыр
Бейсенбаевтың айтуынша, қазір Қазақстанның кинонарығын санаулы ғана желілер бақылауда ұстап отыр.
Оның келтірген дерегіне сүйенсек, Kinopark пен Kinoplexx елдегі барлық кинозалдың 40 пайызына дейін иелік етеді, ал Chaplin мен Cinemax ірі қалаларда үстемдікке ие.
"Олар экранды, прайм-таймды, тіпті қай фильм көрерменге жететінін өздері шешеді. Бұл - әділ бәсеке емес, бұл - таза монополиялық саясат", - деді депутат.
"AMANAT" партиясы фракциясының ұстанымына сай, кинотеатрлар фильм өзін-өзі ақтамайынша, табыстан үлес алуға тиіс емес.
"Фильм өз шығынын қайтарғаннан кейін ғана пайда әділ бөлінуі керек", - деді Бейсенбаев.
Ол АҚШ-та қолданылатын "сырғымалы шкала" үлгісін мысалға келтіріп, онда прокаттың алғашқы апталарында студиялар табыстың 70–90 пайызын алатынын айтты.
Депутат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін кинотеатрлар, прокатшылар және киностудиялар арасындағы келісімшарттарды тексеруге шақырды.
"Кинотеатр желілерінің үстем жағдайын пайдаланып, табыстың 50 пайызын негізсіз иемденуіне кешенді тексеру жүргізілуі керек", - деді Елнұр Бейсенбаев.
Фракция атынан ол бұл салада әділ бәсекені қалпына келтіруді және қазақстандық киноның экономикалық тұншығуын тоқтатуды талап етті.
