Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалына тағы да ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасалып, мұнай тиеп жатқан NELSA танкерінде өрт шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Консорциумның мәліметінше, 20 шілдеде азаматтық теңіз танкері теңіздегі айлақтың №1 қашықтан тиеу құрылғысында мұнай тиеп тұрған кезде дронның шабуылына ұшыраған.
Ұшқышсыз аппарат кеменің оң жақ артқы бөлігіне тиіп, палуба мен кеме бөлімдерінде өрт шыққан. Өрт экипаж мүшелері мен КТК-ның авариялық қызметтері күшімен сөндірілді.
Хабарламаға сәйкес, құрамында 22 адам болған халықаралық экипаж КТК сүйреткіштерімен эвакуацияланды. Тек кеме капитаны мен оның аға көмекшісі ғана бортта қалған. Танкердің су бетінде қалқып тұру қабілеті сақталған.
Оқиғадан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Консорциум мәліметінше, мұнайдың төгілуіне және резервуарларда өрттің шығуына жол берілмеген.
КТК бұл шабуыл экипаж мүшелерінің өміріне қауіп төндіріп, экологиялық әрі техногендік тәуекелдерді күшейткенін мәлімдеді. Сондай-ақ консорциумға қатысушы мемлекеттерді мұнай экспорттау инфрақұрылымына жасалған мұндай шабуылдарды айыптап, олардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдауға шақырды.