Freedom Inside '26

Кселл контракттық телефондарды рәсімдеу кезіндегі алаяқтық схемалар туралы ескертті

Кселл контракттық телефондарды рәсімдеу кезіндегі алаяқтық схемалар туралы ескертті
Фото: Кселл

«Кселл» АҚ (Kcell және activ брендтері) үшінші тұлғалардың қатысуымен контракттық телефондарды рәсімдеуге байланысты алаяқтық жағдайлардың көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның ішкі мәліметтері мен қауіпсіздік қызметінің деректеріне сәйкес, алаяқтар клиенттерді жаңылыстырып, смартфондарды «тиімді шарттармен» рәсімдеуге көмектесеміз деп ұсынады. Олар адамдардан телефонды өз атына рәсімдеуді сұрап, бұл үшін сыйақы уәде етеді. Көп жағдайда «құрылғы үшін төлеудің қажеті жоқ» немесе «бұл несие емес» деген жалған ақпарат беріледі.

Әдетте схема келесідей жүзеге асады: үшінші тұлғалар клиенттерге телефонды өз атына рәсімдеп бергені үшін сыйақы ұсынады. Өтінім мақұлданған соң, клиент құрылғыны алып, оны үшінші тұлғаға береді. Алайда кейінгі төлем міндеттемелері шартты рәсімдеген абоненттің өзінде қалады.

«Кселл» АҚ ескертеді:

  • контракттық телефонды рәсімдеу - абонент үшін толық қаржылық міндеттеме. Үшінші тұлғалармен жасалған кез келген келісімдерге қарамастан, жауапкершілік шартты рәсімдеген адамның өзіне жүктеледі. Компания мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында бақылауды күшейтіп, қосымша шаралар қабылдауда;
  • контракттық телефон бойынша ай сайынғы төлемдер туралы ақпарат Кредиттік бюроларға жіберіледі.

Клиенттерге ұсыныстар:

1. жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз және олардың өтініші бойынша құрылғыларды рәсімдемеңіз;
2. «жылдам пайда» немесе «сыйақы» уәде етілген ұсыныстардан бас тартыңыз;
3. күмән туған жағдайда Kcell-дің ресми байланыс орталығына немесе қызмет көрсету кеңселеріне жүгініңіз.

«Кселл» АҚ клиенттерді қорғау және алаяқтық схемаларға қарсы күрес жұмыстарын жалғастырады.