Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы ауданында болған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан мұнайдың төгілуіне жол берілмеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) ұсынған ақпаратқа сәйкес, 30 шілдеде Nissos Sifnos танкері үшінші айлақта мұнай тиеу жұмыстарын аяқтап жатқан кезде тиеу манифольды маңына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған.
ҰҰА қаупіне байланысты КҚК мұнай тиеу жұмыстарын алдын ала тоқтатқан.
Сондай-ақ мұнай тиеуге жоспарланған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6-7 теңіз милі қашықтықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған.
Министрлік мәліметінше, оқиға салдарынан экипаж мүшелері зардап шекпеген. Сондай-ақ теңізге мұнай төгілмеген.
Шабуылдан кейін шыққан өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен толық сөндірілген.