Әлеуметтік желіде Қытайдың Changan көліктеріне қатысты сын көбейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Желі қолданушыларының бірі TikTok-та осындай видео жариялады. Видео авторының айтуынша, Changan CS55 көлігінің қозғалтқышы оталмай қалған.
"Бірінші, екінші цилиндрде компрессия бар, төртінішсінде компрессия жоқ", - дейді видеодағы ер адам.
"Нәзік көліктер екен өздері", "Тағы біраз шыдаңдар, талай концерт көреміз", "Ол бензиннен емес, көліктің өзі арзан, зауыт оған арзан "свеча" салып тұр", "Бес жылда қоқысқа айналады", - деген желі қолданушылары видеоға.
Осылайша Қытай көліктерінің Қазақстандағы дауы енді өрши бастағандай. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің дерегінше, 2024 жылы елімізде көлікке қатысты тіркелген 144 шағымның 57-сі, яғни әрбір оныншысы дәл осы Қытай көліктеріне байланысты болған.
Бұл - нарыққа жаңа серпінмен кіріп, қолжетімді бағасымен тұтынушыны өзіне тартып жүрген Қытай көліктерінің "имиджіне" айтарлықтай сызат түскенінің белгісі.
Тұтынушылар негізінен қозғалтқыштың ақауы мен беріліс қорабының (коробкінің) жиі істен шығатынын айтып, шағымданған.
Бұған қоса, электроника, салқындату жүйесінің олқылықтары, тіпті өндірушілер мәлімдеген сипаттамалардың шынайы көрсеткіштерге сай болмауы да сатып алушылардың көңілін суытқан. Кейбір клиенттер көлікті сатушыға қайтарып беруге дейін барған.
Мемлекеттік органдар араласқаннан кейін ғана автосалондар көлікті жөндеп беруге немесе ақаулы бөлшектерді тегін ауыстыруға келісіпті.
Мәселен, Ақмола облысында тұтынушылар көліктің қозғалтқышын ауыстыруды талап етіп, шағым көлемі 10 миллион теңгеге жуықтаған. Ал Ақтөбе облысында сот шешімімен автосалондар тұтынушыларға моральдық шығынды қоса алғанда, 16 миллион теңгеден астам қаржы төлеген. Атырау облысында тұтынушыға 7 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.
"Қозғалтқыш пен беріліс қорабы секілді ең маңызды бөлшектерде жиі кездесетін ақау қытайдың арзан көлігін қымбат "бас ауруға" айналдыруы әбден мүмкін. Егер тәуекелге бел бусаңыз, алдын ала кепілдіктің шарттарын, дилерлердің қызмет сапасын мұқият тексеріп алған жөн. Ал сенімділік пен қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын адамға әзірше басқа брендтерге назар аудару дұрысырақ болатын сияқты", - дейді сарапшылар бұл турасында.
Айта кетейік, Changan Automobile Group - көлік шығаратын Қытай компаниясы. Ол елдегі ең ірі 20 өндірушінің қатарына кіреді. Оның штаб-пәтері Чунцин қаласында орналасқан. 2021 жылы сатылған көлік саны бойынша (2,301 млн.) компания Қытайда 4-ші орынға ие болды.