Конституцияның преамбуласы негізгі идеологиялық ұстанымдардың дайын жиынтығы – Ерлан Қарин

Конституцияның преамбуласы негізгі идеологиялық ұстанымдардың дайын жиынтығы – Ерлан Қарин
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Жас Алаш» газетіне жарияланған қоғамдағы идеологиялық ұстанымдар, ұлттық құндылықтар және Конституцияның рөлі туралы көлемді мақаласын ұсынамыз.

Осы ретте Ерлан Қариннің мақаласында идеологиялық ұстанымдарға қатысты мәселелер назарымызды аударды. 
Бұрын түрлі пікірталастарда, сұхбаттарда «Біздің елдегі идеологияның мәні қандай?», «Жалпы, қандай идеологияны ұстанамыз?» деген сұрақтар жиі қойылатын. Тіпті кейде «Идеологиямыз айқын емес», «Нақты идеология жоқ» деп сын айтушылар да табылатын.

Несін жасырамыз, қоғамда мұндай ой-пікірлердің қалыптасуына негіз де бар еді. Өйткені 1995 жылы посткеңестік стильде әрі транзиттік рухта жазылған Ата Заңның идеологиялық бағдарға айналатындай қауқары болмады. Себебі аталған Конституция Кеңестік кезеңнің құрсауынан енді ғана босап, Егемендігімізді енді ғана алып жатқан елең-алаң шақта қабылданды. Ол кезде ең басты тарихи мақсат мемлекеттіліктің іргетасын қалау болды. Бұл тұрғыдан алғанда Конституцияны әзірлеген аға буын өздеріне жүктелген миссияны абыроймен атқарды. Оны айрықша айтып өтуіміз керек. Екінші жағынан, бұл Конституцияда ұлттық бірегейлігіміз, болмысымыз, тарихи тамырымыз, төл құндылықтарымыз айқын көрсетілмегені де рас.

Ата Заңда нақты көрініс таппағаннан кейін де ішкі саясатты егжей-тегжейлі түсіндіріп, бағыт-бағдарын айқындап беретін қандай да бір құжат, тұжырымдама болмады. Осыдан соң мемлекеттің қандай құндылықтарды ұстанатынын, қоғамда қандай қағидаттарды орнықтырып, ілгерілететінін белгілеу мүмкін емес еді. Сол себепті, идеологияға қатысты жоғарыдағы сұрақтар қойылған кезде нақты жауап та айтылмайтын.

Ал енді осы аралықта әлем де, ел де, қоғам да өзгерді. Күн тәртібіне мүлдем басқа мәселелер шықты, қоғамның әлеуметтік ішкі құрылымы түрленді, азаматтардың әлемде болып жатқан жаңашылдықтарды қабылдауы басқаша қалыптаса бастады, жаңа құндылықтар пайда болды. Сол себепті, қоғамның ішкі сұраныстарына байланысты жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігі де өздігінен туындады.

Биыл жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата Заң – мемлекеттілігі орныққан, халықаралық кеңістіктегі беделі қалыптасқан, өзінің тарихи тамырын айқындаған, болашағына зор сеніммен қарайтын Қазақстанның Конституциясы. Яғни бұл посткеңестік тарих кезеңі біржола аяқталды дегенді білдіреді. Негізгі құжат заманауи саяси жүйені құруға, тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, ұлттық мүддемізді сақтауға бағытталған.

Бұдан былай «Біз ұстанатын құндылықтарға не жатады?», «Идеологиямыз қандай?» деген сұрақтарға анық әрі сенімді жауапты Ата Заңнан табамыз. Себебі Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол – өмір салтымызды, бірегейлігімізді, бағыт-бағдарымызды көрсететін құжат. Яғни Ата Заң – идеологиялық құндылықтар коды. Әрине, Конституцияда да, мемлекеттік саясатта да идеологиялық көзқарастар мен пікірлердің әралуандылығы мойындалады және қорғалады. Дегенмен ұлтты ұйыстыратын құндылықтар да Ата Заңда айқын көрсетілуі қажет. Сондықтан оның преамбуласында, негізгі бөлімдері мен баптарында ұлттық болмысымыз бен бағдарымыз, қоғамдық құндылықтарымыз, ұстануға тиіс мемлекеттік қағидаттарымыз нақты, жүйелі әрі анық бекітілген.

Біріншіден, Конституцияның преамбуласын негізгі идеологиялық ұстанымдардың тұтас әрі құрылымдалған дайын жиынтығы деуге болады. Қолданыстағы қазіргі Ата Заң мемлекеттiлiкті құра отырып әзірленсе, жаңа Конституция осы жылдар аралығында құрылған мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған. Преамбулада бұл жөнінде нақты жазылған. Сол секілді онда тарих, заң мен тәртіп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, табиғатты аялау, бейбітшілік пен достық қағидаттары мен құндылықтары қамтылған.

Екіншіден, Негізгі Заң тарихымызға қатысты жаңаша көзқарасты қалыптастырды. Оны преамбуладағы «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөйлемнен-ақ аңғаруға болады. Ал 1995 жылғы Конституцияда тарихымыз мүлдем қамтылмаған еді.

Үшіншіден, еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты нақты ұстаным белгіленді. Преамбулада жазылғандай, аумақтық тұтастық ешқашан өзгермейді және оған қол сұғылмайды. Мұны 2-баптың 6-тармағындағы «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді» деген норма да қуаттай түсті. Демек, еліміздің аумақтық тұтастығы болашақта мәселе ретінде талқыланбайды, тіпті референдумға да шығарылмайды.

Төртіншіден, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін нақты белгіледі. Бұрын қоғамда көшеде қара киім жамылып жүретін дін өкілдерінің көбейіп кетуіне байланысты «Қайда бара жатырмыз?», «Болашақта қандай ел боламыз?» деген алаңдаушылық бар еді. Сол себепті жаңа Ата Заңда еліміздің зайырлық сипаты біржола айқындалды. 7-баптың 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп жазылса, 33-баптың 5-тармағында білім және тәрбие жүйесі зайырлы сипатқа ие екені нақтыланды. Бұл – мазмұн, мағына жағынан өте маңызды шешім.

Бесіншіден, дәстүрлі құндылықтар ең жоғары құқықтық деңгейде қорғалды. Бұл қадам жат мәдени модельдер мен мінез-құлық нормаларын күштеп енгізу әрекеттерінен туындады. Сондықтан Конституцияның 30-бабының 2-тармағындағы «Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деп нақты жазылды. Бұл нормада екі маңызды ұғым бар: бір жағынан, ер мен әйелдің одағы арқылы дәстүрлі отбасы құндылығын бекітеміз, екінші жағынан, осы одақты «ерікті» әрі «тең құқықты» деп нақтылау арқылы әйелдердің құқықтары мен мәртебесін өркениетті қоғам талаптарына сай қорғаймыз.

Алтыншыдан, ел дамуының адами өлшемі енгізілді. Адам құқықтары негізгі басымдық ретінде айқындалды. Мәселен, «Президент», «Үкімет», «Құрылтай» деген бөлімдер 7-10 баптан тұрса, азаматтардың құқығын қорғауға арналған бөлімде 30 бап бар. Конституциядағы 11 бөлімнің ең үлкені адам құқықтары мен бостандықтарына арналған – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер». Мемлекеттің стратегиялық дамуының негізі ретінде табиғи қазбалар, басқа да байлықтар емес, ең алдымен адами капитал белгіленді. Яғни адамдардың білімі, қабілеті, еңбегі алдыңғы орынға шықты. 4-баптың 1-тармағында жазылғандай, «халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі». Маңызды нормалардың бірі ретінде бекітілген сөз бостандығын қорғау да – адами өлшемнің негізі. 23-баптың 5-тармағында «Цензураға тыйым салынады» деп жазылса, осы баптың 1-тармағында «Сөз еркіндігіне кепiлдiк берiледі» деп көрсетілген. Яғни сөз бостандығы бұрынғымен салыстырғанда барынша кеңейтілді.

Осылайша, Конституцияда теңгерімді ұстаным белгіленді. Дәстүрлі құндылықтардың да, заманауи құндылықтардың да аражігі нақты айқындалған. Дәстүрлі дүниемізді қорғаймыз деп консервативті бағытқа да түбегейлі бұрылмай, заманауи құндылықтарға сәйкес боламыз деп либералды бағытқа да аса қатты ұрынбай, идеологиялық және саяси әралуандылық теңдей сақталды.

Айта кетерлігі, Конституцияның преамбуласы мен негізгі баптары Мемлекет басшысының тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді. Тіпті Конституциядағы маңызды өзгерістерді, түбегейлі жаңашылдықтарды, әсіресе қарапайым азаматтардың мүддесін қорғайтын жаңа нормалардың көбін Президент өзі ұсынды. Бұған дейін де айтылғандай, Қасым-Жомарт Кемелұлы түрлі құжаттармен жұмыс істегенде, өзінің сөйлейтін сөздерінде Егемендік және Тәуелсіздік ұғымдарын әрдайым бас әріппен жазады. Ата Заңның жаңа мәтінінде де осы ұстаным сақталды. Өйткені бұл сөздер қасиетті де қастерлі ұғымдар болып қоғамдық санада біржола орнығып, бекітілуге тиіс. Мұның өзі Конституциямыздың дәл осындай түрлі идеялық ұстанымдардан тұратындығының тағы бір көрінісі.

Сондықтан Ата Заңда төл тарихымыз да, Әділетті Қазақстан идеясы да, Заң мен Тәртіп қағидаты да, «Таза Қазақстан» да, бірлік пен ынтымақ та, мәдениет пен білім де, ғылым мен инновация да тегіс қамтылған. Бұл – ұлттың бірегейлігі бекемделген, құндылықтары жүйеленген, мемлекеттілік қағидаттары нақты белгіленген Конституция. Ең бастысы, онда мемлекетіміздің болашақтағы кескін-кейпі, болмысы нақты айқындалған. Яғни келешекте прогрессивті, өркениетті, ғылым мен білімге, инновацияға арқа сүйеген ел атану көзделген. Сондықтан ішкі саясаттың ендігі негізгі міндеті – Конституцияда бекітілген құндылықтардың қоғамда берік орнығуын қамтамасыз етіп, қорғау.