Коммуналды тарифтер қайта есептеледі: Қарағанды тұрғындарына 3 млрд теңге қайтарылады

Қаракөз Амантай 10 нау. 2026 10:30

Қарағанды облысының тұрғындарына коммуналдық қызметтер үшін төленген 3,1 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылады. Бұл қаржы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін тексеру нәтижесінде анықталған артық төлемдерге байланысты компенсациялық тарифтер арқылы өтелмек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, 2024 жылға арналған есептілікті талдау барысында коммуналдық кәсіпорындар тарифке енгізілген қаражаттың бір бөлігін мақсатты түрде пайдаланбағаны белгілі болған.

Заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда тұтынушылардың артық төлеген қаражатын қайтару үшін компенсациялық тариф енгізіледі. Қайтарылатын қаражатқа қайта қаржыландыру мөлшерлемесі де қосылып, жалпы сома 3,1 млрд теңгеден асады.

Қайтарылатын қаражаттың негізгі бөлігі сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне тиесілі - шамамен 2,27 млрд теңге.

Сонымен қатар:

  • 669,6 млн теңге – электр энергиясын жеткізу қызметі бойынша;
  • 107,7 млн теңге – жылумен қамту саласы бойынша;
  • 55,6 млн теңге – газбен жабдықтау қызметі бойынша;
  • 3,7 млн теңге шамасында – кірме теміржол жолдарын пайдалану қызметтері үшін қайтарылады.

Компенсациялық тарифтер 2026 жылдың 1 қаңтарынан 2027 жылдың 1 наурызына дейін қолданыста болады. Осы кезең ішінде қарағандылықтардың коммуналдық төлемдері төмендетіліп, артық төленген қаражат біртіндеп қайтарылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove