Қазақстанда автокөліктердің мемлекеттік нөміріне қарай қозғалысын шектеу туралы бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ұсынысқа сәйкес, көліктер тақ және жұп күндері кезекпен жолға шығуы мүмкін. Билік бұл қадам арқылы ірі қалалардағы ауа сапасын жақсартып, жол жүктемесін азайтуды көздейді. Алайда сарапшылар мұндай тәсілдің ұзақ мерзімді тиімділігіне күмәнмен қарайды. “Q88 Аумақтардың тұрақты даму қауымдастығы” өкілі, көлік саласының сарапшысы Елена Ерзакович пен экономист Расул Рысмамбетов Dalanews.kz тілшісіне осы бастамаға қатысты пікір білдірді.
Уақытша әсер беретін әдіс
Елена Ерзаковичтің айтуынша, тақ-жұп жүйесі әлемдік тәжірибеде қолданылғанымен, оның тұрақты әрі ұзақ мерзімді нәтиже берген мысалдары аз.
“Аталған әдістің қаншалықты тиімді екенін нақты айту қиын. Себебі оны енгізген қалалардың өзі бұл шара тек қысқа мерзімде нәтиже бергенін мойындаған. Егер жүйе ұзақ қолданылса, тұрғындар шектеуді айналып өтудің жолын табады”, - дейді ол.
Әлемдік тәжірибе не көрсетті?
Сарапшы зерттеген Богота қаласының тәжірибесі де осы үрдісті растаған. Бастапқыда оң нәтиже күтілгенімен, кейін көптеген тұрғын екінші автокөлік сатып ала бастаған. Салдарынан шектеудің тиімділігі төмендеген.
Ерзаковичтің пайымынша, кептеліспен күресте басты назар жеке шектеулерге емес, қоғамдық көлікке аударылуы тиіс.
“Адамдар жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті шын мәнінде қолайлы балама ретінде көргенде ғана өзгеріс болады”, - деп қосты ол.
Сарапшы тақ-жұп жүйесін тек төтенше жағдайларда, мысалы ауа сапасы күрт нашарлаған кезде уақытша құрал ретінде қолдануға болатынын айтты. Сонымен қатар мұндай тетікті енгізу үшін құқықтық әрі реттеуші база алдын ала мұқият дайындалуы қажет екенін ескертті. Яғни қажет кезде бұл шараны жедел іске қосатын нақты механизм болуы тиіс.
Дерексіз шешім қабылдау қаупі
Елена Ерзаковичті алаңдататын тағы бір мәселе - деректердің жеткіліксіздігі.
Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай бастамалар көбіне көлік құрылымы толық зерттелмей ұсынылады. Мәселен, әр қаладағы тақ және жұп нөмірлі көліктердің үлесі немесе көлік ағындарының нақты құрылымы жөнінде толық талдау жоқ.
“Көп жағдайда мәселе кешенді түрде қарастырылмай жатады”, - дейді ол.
Сарапшы қоғамдық көлік толық дайын болғанын күтудің өзі қате тәсіл екенін айтады. Оның пікірінше, ірі қалаларда жүйе бар, бірақ оны әрі қарай жетілдіру қажет.
“Қызмет сапасын арттыру, қозғалыс кестесінің дәлдігін қамтамасыз ету, арнайы автобус жолақтарын көбейту қажет. Меніңше, қала әкімдіктері ең алдымен осы бағытқа күш салуы керек. Яғни жолаушылар мен тұрғындардың күту деңгейін нақты көрсеткіштер арқылы айқындап, қала үшін қандай қоғамдық көлік түрі лайық екенін анықтап, соны жүйелі түрде дамыту маңызды. Ал өзге қалалардың тәжірибесінен жекелеген бір ғана тетікті көшіріп алу әзірге көшедегі кептелесті жеңілдетпейді”, - деді ол.
Сарапшының пікірінше, дәл қазір тақ-жұп жүйесін енгізуге әлі ерте. Ол Алматыда ауа сапасын жақсартуға арналған ережелер пакеті әзірленіп қойғанын еске салды. Құжатта атмосфералық ауаны қорғау және автокөлік шығарындыларын азайтуға бағытталған бірқатар жүйелі шешімдер ұсынылған.
“Сондықтан ең алдымен ескі көліктерді утилизациялау бағдарламаларын жедел іске қосу, отын сапасын жақсарту, жаңа экологиялық стандарттарға кезең-кезеңімен көшу қажет. Сондай-ақ көліктерді жолға жіберу талаптарын күшейту маңызды”, - дейді ол.
Сарапшы бұл бағытта құқықтық реттеу, пилоттық жобалар және нақты енгізуді қажет ететін кешенді міндеттер жеткілікті екенін атап өтті.
“Сол себепті ұзақ мерзімді әсері дәлелденбеген тәсілдермен тәжірибе жасағаннан гөрі, осы жүйелі шараларға басымдық берген жөн”, - дейді ол.
Экономикаға салдары қандай?
Экономист Расул Рысмамбетов бұл бастама қысқа мерзімде экономикаға қысымды күшейтуі мүмкін екенін алға тартты.
“Ең басты мақсат - ескі әрі экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктерді азайтып, ауаның ластануын төмендету. Бұл - бір. Алайда қысқа мерзімде мұндай шешім қала экономикасының шығындарын арттыруы мүмкін. Себебі Алматы сияқты мегаполис үшін ең маңызды фактор - мобильдік. Ол сауда үшін де, қызмет көрсету саласы үшін де өте қажет”, - дейді сарапшы.
Қай салалар бірінші соққы алады?
Рысмамбетовтың бағалауынша, бұл шешім ең алдымен такси қызметі, курьерлік жеткізу, электронды коммерция және шағын офлайн бизнестерге әсер етуі мүмкін. Егер аталған салаларға арнайы жеңілдіктер қарастырылмаса, операциялық шығындар өсіп, жеткізу мерзімдері мен қызмет тарифтері қымбаттайды. Бұған қоса, шектеу енгізілген жағдайда қоғамдық көлікке түсетін жүктеме де айтарлықтай артады.
Экономист халықаралық тәжірибе тағы бір тәуекелді көрсететінін айтады. Оның пікірінше, адамдар шектеуге бейімделіп, оны айналып өтудің жолын іздейді.
“Мәселен, кейбір азаматтар екінші көлік сатып алуға ұмтылуы мүмкін. Негізі қазірдің өзінде көптеген отбасында екі көлік бар. Сондықтан арзан, шағын автокөліктерге сұраныс артып, бағаға да белгілі бір қысым түсуі ғажап емес”, - деді ол.
Айтуынша, егер такси қызметі ресми түрде жеңілдік санатына енгізілмесе, онда тарифтердің өсуі сөзсіз. Сонымен бірге жолда жүру уақыты ұзарып, қоғамдық көлікке түсетін салмақ та көбейеді.
Сарапшы дәл қазір тақ-жұп жүйесін жаппай енгізуге асықпау керегін айтады. Оның пікірінше, мұндай шешімнің түпкі мақсаты дұрыс болғанымен, ол жалғыз құрал ретінде жеткіліксіз. Сондықтан мәселе қалалық мобильдікті кешенді түрде жаңғырту арқылы шешілуі тиіс.
“Яғни қоғамдық көлікті дамыту, трафикті заманауи басқару, экологиялық ынталандыру тетіктерін іске қосу қажет. Сондай-ақ қалаға кіреберістерде ұстап қалушы автотұрақтар салу сияқты шаралар қатар жүрмейінше, тақ-жұп шектеуінен үлкен нәтиже күту қиын”, — деп түйіндеді ол.
