Көкшетауда 8 қазанда жоғалып кеткен төрт жасар баланы іздеу жұмыстары қайғылы аяқталды. Бала ашық құдықтан өлі табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Төрт жасар бала сол күні Көкшетаудағы Әшімов көшесі, 223 мекенжайынан шығып кетіп, кейін хабар-ошарсыз кеткен.
Іздеу жұмыстарына Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған.
Іздестіру барысында баланың денесі ашық құдықтан табылған.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала тексеру кезінде баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
"8 қазан 2026 жылы кезекші бөлімге Көкшетау қаласында кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Іздеу жұмыстарына ТЖД және полиция күштері жұмылдырылды. Іздестіру барысында бала ашық құдықтан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ", – деп хабарлады полиция.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Қазір полиция баланың құдыққа қалай түскенін және қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.