Көкшетауда терезе жуып жүрген әлеуметтік қызметкер биіктен құлады

Көкшетауда терезе жуып жүрген әлеуметтік қызметкер биіктен құлады
Фото: ЖИ

Көкшетауда 61 жастағы әлеуметтік қызметкер терезе тазалау кезінде биіктен құлап, жарақат алды. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала мәліметке сәйкес, әйел жұмыс барысында тепе-теңдігін жоғалтып, терезе жақтауынан құлаған. Салдарынан оның бірнеше қабырғасы сынып, денесінің әр тұсы жарақаттанған. Сондай-ақ дәрігерлер ми шайқалуын анықтаған.

Көкшетау қаласының жұмыспен қамту бөлімі қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Тексеру аяқталғаннан кейін жағдайға тиісті құқықтық баға берілмек.

Ақмола облысының еңбек инспекциясы департаменті жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама әлі түспегенін хабарлады.