Ақмола облысының Целиноград ауданында өткен жекеменшік көкпар ойыны қайғылы жағдаймен аяқталды. Ойын барысында 14 жастағы жасөспірім қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Nayza_kokshe" инстаграм парақшасы ұсынған дерекке сәйкес, марқұм – Қабанбай батыр ауылының тұрғыны, сегізінші сынып оқушысы. Алдын ала мәлімет бойынша, ол аттан құлап, есінен танып қалған. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмаған.
Оқиғадан кейін көкпарды кім ұйымдастырғаны, жарыстың ресми түрде өткізілген-өткізілмегені және жасөспірімнің ойынға қалай қатысқаны қоғамда қызу талқылана бастады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл жарысқа қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ал аудан әкімдігі көкпардың өткізілетінінен бейхабар болғанын хабарлады.
Кейін белгілі болғандай, бұл ресми жарыс емес, азаматтардың жеке бастамасымен ұйымдастырылған ересектердің жаттығу ойыны болған.
Целиноград аудандық әкімдігінің мәліметінше, 26 мамыр күні Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округінің аумағында өткен жиын туралы жергілікті билікке алдын ала хабар берілмеген. Ұйымдастырушылар тарапынан ешқандай келісім алу немесе хабарлама жолданбаған.
Әкімдіктің алдын ала деректеріне сәйкес, ойынға негізінен ересек адамдар қатысқан. Ал қаза тапқан Сүйеніш Дінмұхаммет Дастанұлы ойын өтетін жерге туыстарымен бірге келген. Кейін ол келмей қалған ойыншылардың бірінің орнына көкпарға қосылған.
Сондай-ақ аудан әкімдігі бұл елді мекенде мемлекеттік мекемелердің қарауындағы көкпар секциялары жоқ екенін мәлімдеді.
Ойын М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетіне тиесілі, демалыс аймағы ретінде рәсімделген жер телімінде өткен. Нысанның ресми атауы жоқ.
Қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.