Гүлнәр Каримованың ұлы, кіші Ислам Каримов атасы қаза болғаннан кейін үш айдан соң британдық BBC каналының өзбек қызметіне видео-сұхбат берді. Ол анасының Ташкентте Яхьё Гулямова көшесіндегі өзінің үйінде үйқамақта отырғанын, Ұлттық қауіпсіздік комиитетінің бақылауында екенін айтады.
Өзбекстанның экс-президентінің немересі анасы Гүлнәр Каримованың шетелде екені немесе Ташкентте бостандықта екен деген әңгімелер шындыққа сай келмейтінін айтқан.
«Менің анамды ұстап отырғандар атамның «қолшоқпарлары». Олар анамның бостандықта болғанын қаламайды. Өйткені олар өте көп сұраққа жауап берулеріне тура келеді, бірақ енді ол сұрақтарға ешкім дәл жауап бере алмайды», — дейді ол.
Лондонда тұрып жатқан Каримовтың немересі анасы мен оның сіңлісі Лола арасындағы бәскелестікті де айтқан. Осы үшін ол атасын кінәлайды.
«Бастапқыда менің анам мен тәтем арасында жақсы қарым-қатынас болды. Одан кейін болған жағдайға атамның кінәсі бар. Менің анам математика мектебін алтын медальмен бітіріп, атамның ізін басты. Ол спортпен шұғылданды. Тіптен шығыс жекпе-жегі бойынша қара белбеуі бар. Анам немен айналысса, тәтем әпкесін қайталады. Атам Лолаға үнемі әпкеңе неге ұқсамайсың деп айтумен болды. Қанша тырысса да Лола анам сияқты бола алмады. Бұл біздің отбасымызға үлкен зиянын тигізді», — дейді кіші Ислам Каримов.