Оңтүстік Жезқазған кенішінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшысы Р. Өскенәлінің еңбек ұжымымен кездесуі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көптеген жұмысшы үшін мұндай форматтағы ашық әңгіме күтпеген жағдай болды. Кеншілердің айтуынша, компанияның бұрынғы басшылығы өндірістік алаңдарда мұндай жедел әрі ашық кездесулер өткізбеген.
Кездесу барысында компанияның жаңа басшылығы жұмысының негізгі бағыттары таныстырылды. Әңгіме минералдық-шикізат базасын кеңейтуге арналған ұзақ мерзімді инвестициялар, өндірістік жабдықтарды жаңғырту, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру және кәсіпорынның алдағы жылдардағы тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері туралы өрбіді.
Әлеуметтік мәселелерге де ерекше назар аударылды. Жұмысшыларға тұрғын үй құрылысы, өңірдің мәдени және рухани инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ күкірт қышқылы зауытын салуды қоса алғанда, экологиялық міндеттерді шешуге бағытталған жобалар жөнінде айтылды.
Еңбек ұжымы өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, оларға жан-жақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Талқылау сындарлы жағдайда өтіп, жұмысшылар тарапынан жоғары қызығушылық тудырды.
Өндірістік қуаттарды жаңартудан бастап қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған әлеуметтік бағдарламаларды кеңейтуге дейінгі бастамалар оң бағасын алды. Ұжым кейбір ұсыныстарды қол шапалақтап қарсы алды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіпорынды дамыту, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін растады.