Кенесары хан туралы сөздері дау тудырған қырғыз студенттері кешірім сұрады

Кенесары хан туралы сөздері дау тудырған қырғыз студенттері кешірім сұрады
Фото: видеодан скрин

Кенесары ханға қатысты сөздері қоғамда дау тудырған қырғызстандық студенттер Аруке мен Эдина бейнеүндеу жариялады. Олар тікелей эфир кезінде орынсыз пікір айтқандарын мойындап, қазақ халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қыздар қазақ халқын кемсітуді немесе оның тарихына құрметсіздік танытуды мақсат етпегендерін айтты.

"Біз сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болса да, басқа халықтың намысына тиетін сөз айту дұрыс емес. Қазақ халқын қорлау немесе оған күйе жағу біздің мақсатымыз болған жоқ", - деді студенттер.

Аруке мен Эдина тікелей эфир кезінде блогердің арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойғанын жеткізді. Соған қарамастан, олар болған жағдайды мұнымен ақтауға тырыспайтынын және айтылған сөздер үшін жауапкершілікті өз мойындарына алатынын мәлімдеді.

Студенттер қазақстандықтардан бөлек, өз отандастарынан, ата-аналарынан, ұстаздары мен тәлімгерлерінен де кешірім сұрады. Олар болған оқиғадан тиісті сабақ алғандарын айтып, мұндай жағдайдың алдағы уақытта қайталанбайтынына уәде берді.