Сарапшылар Каспий теңізіне қатысты дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
24.kz мәліметіне сүйенсек, бес мемлекетке ортақ теңіздің қазақстандық бөлігінде жағалау сызығы 18 шақырымға шегініп кеткен. Ақтауда бас қосқан табиғат жанашыларлары бұл құбылысты экологиялық апатқа теңеп отыр. Жиынға тәуелсіз сарапшылар, жергілікті уәкілетті органдармен қатар, халықаралық ұйым мүшелері де қатысты.
"Каспийдің жылдам тайыздануына оған құятын 130 өзеннің көбінің тартылып қалуы, әсіресе, Еділдің бойында 12 су электр станциясы салынуы тікелей әсер етті. Мәселе ғаламдық деңгейге көтерілмеуін Каспий маңы елдері бірлесе әрекет ету арқылы ғана тоқтата алады", - дейді форумға қатысушылар.
Кейінгі жылдары жүргізілген зерттеулер теңіз суының жалпы аумағы 70 мың шаршы шақырымға дейін шегініп кеткенін көрсеткен.
"Каспий Аралдың тағдырын бастан кешуі мүмкін. Келетін судың мөлшері көбейеді екен деп үміттенудің қажеті жоқ. Олай болса, басқа жобаны қарастыру қажет. Сонау солтүстіктегі Обь өзенінің бір бөлігін Торғай қақпасы арқылы Каспий теңізіне әкеліп құю. Екінші нұсқа - Еуразия каналын салу. Бұл канал арқылы Қара теңізбен, дәлірек айтқанда, Азов теңізі мен Каспий теңізінің арасын Қума-Манаш ойпаттары арқылы қосу", - дейді Amanat партиясы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы Орынбасар Тоғжанов.