Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік органдары күніне орай берген бағдарламалық сұхбатында елдегі терроризмге қарсы күрес, мемлекеттік шекара қауіпсіздігі, киберқауіптер және ұйымдасқан қылмысқа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
10 террорлық әрекеттің жолы кесілді
Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Ермек Сағымбаев кейінгі төрт жыл ішінде Қазақстанда 10 террорлық әрекет пен күш қолдануға бағытталған қылмыстың алдын алу мүмкін болғанын жеткізді.
Осы кезеңде 290-нан астам діни радикал сотталған. Сонымен қатар, террористік әрекеттерге қатысы бар 1 800-ден астам шетел азаматының Қазақстан аумағына кіруіне тосқауыл қойылған. Интернетте таралған радикалды мазмұндағы 100 мыңға жуық сілтеме бұғатталған.
Жасанды интеллект жаңа қауіп көзіне айналды
ҰҚК төрағасы қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қатерлердің қатарында кибершабуылдарды, жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған ақпараттарды (deepfake), трансұлттық қылмысты және сыртқы ықпал ету әрекеттерін атады.
Оның сөзінше, жасанды интеллект ақпараттық шабуылдардың жаңа құралына айналып барады.
Шекарада цифрлық бақылау күшейтілді
Мемлекеттік шекарадағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында биыл Шекара қызметі үшін 10 мобильді инспекциялық-тексеру кешені сатып алынған.
Сондай-ақ 12 өткізу пунктінде 54 автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесі іске қосылған.
75 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды
Ермек Сағымбаевтың мәліметінше, 2022 жылдан бері құқық қорғау органдарымен бірлесіп 75 ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз қызметіне тосқауыл қойылған.
Осы уақыт ішінде қару-жарақ өткізудің 52 арнасы жойылып, 3,3 мыңнан астам қару тәркіленген. Бұдан бөлек, 15 жасырын қару жасау шеберханасының қызметі тоқтатылған.