Кегенде үш адам құдыққа құлап мерт болды: оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Сағыныш Сардарова 18 қыр. 2024 10:30 2395

Алматы облысы Кеген ауданында құдықтан үш адамның мәйіті шығарылды. Үйінде су тоқтап қалған соң, әкесі 15 жастағы ұлын ертіп алып үйінің жанындағы құбырды тексермек болыпты. Қасында көршісі болған. Құдыққа бірінен кейін бірі түсіп, шыға алмай қалған, - деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.

Марқұмдардың туыстары бұл жәйтқа асфальт төсеу кезінде коммуналдық желінің дұрыс орнатылуын қадағаламаған жергілікті әкім-қараны кінәләп отыр.

"Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Бірінші көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты ... болды. «Жүріп кеткен» деді. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен", - дейді марқұмның туысы Дина Айтбаева.

Телеарна мәліметінше, әу баста Құдықты бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түскен екен. Бірақ көп ұзамай сонда талып қалады. Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да төменде тіл тартпай кеткен.

Туыстарының шырылдап отырғаны - құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқаны. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асыпты. Бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін екен.

"Су жүргізілгеннен кейін жол салынған кезде технология бойынша құдықтың беті көтеріліп тұру керек. Жол салған мердігер көтеріп, асфальтпен бірдей жасап кету керек болатын. Тұрғындар құдықтың бетін ашып қойған. Соңғы бір жарым айда Кеген ауылында дренажды канал дүргізілді. Сол кезде құдықтың бетін өздерінің топырағымен бекітіп кеткен", - дейді марқұмның туысы Мақпал Шадан.

Үшеуінің өліміне қатысты екінші болжам: "құдықтың ішінде тоқ ұруы мүмкін" дейді туыстары. Ал шенеуніктер “ескертсе, өзіміз ақ тексеретін едік” деген. Осыдан бір емес, бақандай төрт жыл бұрын үстінен жол төселіп кеткен құдықты ретке келтіруге адам өлімінен кейін ғана кіріскен.

"2020-2021 жылдары жолды қабылдап алған кісі қазір қызметте жоқ. Не себепті дәл судың үстіне жол салып өткенін айта алмаймын. ...Көліктер өте алатындай етіп жасаймыз", - деді Кеген ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Кәділ.

Қазір марқұмдардың денесі Қонаев қаласында. Үшеуі метан газына уланды ма, әлде тоқ ұрып қайтыс болды ма, жағдай сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар