Грантпен докторантураны тәмамдаған PhD мамандары енді мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында жұмыс істеп, міндетті өтеу мерзімін өтей алады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін грантпен оқыған докторанттар оқуын аяқтаған соң жоғары оқу орындарында, ғылыми институттарда немесе мемлекеттік органдарда еңбек етуге міндетті болған. Ал мектепте істеген жұмысы міндетті өтеу мерзіміне кірмейтін.
Енді бұл шектеу алынып тасталды. Аймағамбетовтің сөзінше, Мәжіліс депутаттары ұсынған авторлық түзетулер заң ретінде бекітілді.
"Іс жүзінде мектептерге және басқа да білім беру ұйымдарына терең білімі бар PhD докторлары өте қажет. Бірақ бұрынғы қатал норма жас мамандардың мектепке баруына мүмкіндік бермеді. Біз осы кедергіні алып тастадық", – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа өзгеріс мектептерді білікті кадрлармен күшейтуге жол ашады. Сонымен қатар докторантура түлектеріне таңдау еркіндігі беріледі. Олар енді тек жоғары оқу орындарымен шектелмей, орта білім беру саласында да жұмыс істей алады.
Асхат Аймағамбетов мықты ғалымдар тек университеттерде ғана емес, мектептерде де аса қажет екенін атап өтті.