KazChess Awards 2025: Қазақстан шахмат федерациясы үздік шахматшыларды марапаттады

Ақтоты Жапатова 29 мам. 2025 14:06

Қазақстан шахмат федерациясы 2024 жылғы жетістіктері үшін еліміздің шахматшылар қауымының үздік өкілдерінің есімдеріп атап, марапаттады. Sheraton Astana Hotel залында өткен KazChess Awards — еліміздің басты шахмат жүлдесін салтанатты табыс ету рәсімінде спортшылар, жаттықтырушылар, ардагерлер, төрешілер, медиа және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бас қосты, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Кешті ашқан Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов еліміздің мәдени және спорттық мұрасы үшін шахматтың ерекше маңызды екенін атап өтті. Ол Қоғамдық марапат: «Үміт» («Надежда») орденін Қазақстан тарихындағы ең жас гроссмейстер 14 жасар Эдгар Мамедовке және «Дара» («Уникальный») орденін ерлер арасындағы гроссмейстер атағын иеленген ел тарихындағы екінші шахматшы қыз Бибісара Асаубаеваға табыс етті.

«Әр марапаттың артында мыңдаған сағат қажырлы еңбек, өзіне сену және жақын адамдардың қолдауы жатыр. Бұл чемпион рухының құдіретін көрсететін және басқаларға шабыт сыйлатын хикаялар. Біз әр лауреаттың жетістіктерін ғана емес, әрқайсысының жүріп өткен жолын атап құрмет көрсетуге қуаныштымыз. Соңғы бір жылдың ішінде талай рет шахматшыларымыздың жетістіктеріне куә болған біз мұны мақтан тұтамыз. Олар бойындағы таланты мен табандылығының, сондай-ақ жаттықтырушы, ұйымдастырушы, меценаттардың, яғни кадрдың сыртында жүріп Қазақстан шахмат мектебінің өсуі мен өркендеуін мүмкін ететін барлық адамдардың орасан зор еңбегінің арқасында осынау зор жеңіске жетіп отыр», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

KazChess Awards 2025 лауреаттары:

  • Халықаралық аренадағы үздік дебют — Нұрәлі Болашақов
    • KazChess/ҚШФ үздік филиалы — Ақтөбе облысы, Гүлқасима Сүйентаева
    • Жыл юниоры (ұл балалар) — Марк Смирнов
    • Жыл юниоры (қыз балалар) — Аланна Берікқызы
    • Ерекше спортшы — Әлімжан Аяпов және Самажан Кеттебеков
    • Үздік ардагерлер — Владислав Насыбуллин және Әлфия Төребаева
    • Үздік төреші — Серікбай Темірбаев
    • Жылдың шахмат амбассадоры — Иван Червинский, @alga.peterburg
    • Медиа арасындағы жыл серіктесі — Арман Қоржынбаев, «Деловой Казахстан»
    • Жыл командасы — Қазақстанның әйелдер құрамасы: Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман, Әмина Қайырбекова; жаттықтырушылары Павел Коцур және Александр Моисеенко
    • Ерлер арасындағы үздік спортшы — Қазыбек Нөгербек және оның жаттықтырушысы Ержан Шәкенов
    • Үздік спортшы қыз — Бибісара Асаубаева
    • Үздік жаттықтырушы — Павел Коцур
    • Президент таңдауы — Елназ Қалиахмет

Марк Смирнов пен Аланна Берікқызы «Үміт» ордендерімен, ал Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман, Әмина Қайырбекова, Павел Коцур, Александр Моисеенко, Қазыбек Нөгербек және Ержан Шәкенов «Дара» ордендерімен марапатталды.

«BMP Live Band» тобы мен Марсель Алсейітов «Бұл өмірде» хитін орындап, кеште тамаша музыкалық көңіл-күй орнатты.  Іс-шара соңында конфетти салюті атылды, ал қонақтардың барлығының бірге фотосуретке түсуі шахматшылар қоғамдастығының бірлігінің нышаны іспетті болды.

Еске салайық, KazChess Awards сыйлығын табыс ету рәсімі 2023 жылдан бастау алады. Алматыда өткен тұңғыш салтанатты рәсімде 9 номинация болды, сол кезден бастап шахматтың дамуына үлес қосып жатқан жандарды әділ іріктеу және марапаттау дәстүрі қалыптасты. Алғашқы лауреаттар қатарында Бибісара Асаубаева, Ринат Жұмабаев, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова және Қазыбек Нөгербек болды.

2024 жылы сыйлықтың ауқымы 12 санатқа дейін кеңейді, ал 2025 жылы 15-ке жетті. Бұл еліміздегі шахмат қозғалысының өскенін көрсетеді: өткен жылдың өзінде ғана Қазақстан шахматшылары әр түрлі халықаралық жарыста рекордтық 160 медаль (55 алтын, 54 күміс, 51 қола медаль) жеңіп алды.

KazChess Awards сыйлығының Қазақстан шахматының «Оскары» деп аталуы орынды – өйткені бұл жай ғана марапат емес, табысқа жетудің нышаны, жас спортшылар үшін тамаша үлгі және бүкіл шахматшылар қауымы үшін маңызды маркер.

Қазақстан шахмат федерациясы жас дарын иелерін қолдауды, инфрақұрылымды жетілдіруді, цифрлық шешімдер енгізуді және әлемдік деңгейдегі беделді турнирлер ұйымдастыруды одан әрі жалғастыра бермек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар