Қазақстанда кассациялық сот аса ауыр қылмысты жасырды деген айыппен сотталған азаматты ақтап, оның әрекетінен қылмыс құрамы табылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кассациялық соттың мәліметінше, іс материалдары айыпталушының кінәсін дәлелдеуге жеткіліксіз болған.
«Кассациялық сот К-ның кінәсі жеткілікті әрі сенімді дәлелдермен расталмағанын анықтады. Мұндай жағдайда айыптау тарапы оның аса ауыр қылмысты алдын ала уәделеспей жасыру құрамын құрайтын белсенді әрекеттер жасағанын дәлелдей алмады. Соның нәтижесінде кассациялық сот бұрын қабылданған сот актілерінің күшін жойып, Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша қылмыс құрамы болмағандықтан істі тоқтатты», - деп хабарлады Кассациялық соттардың баспасөз қызметі.
Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылы Байқоңыр қаласында ер адам таныстарының заңсыз әрекеттерінің ізін жасыру мақсатында ұялы телефонындағы хат-хабарламаларды өшірді деген күдікке ілінген.
Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот оны Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танып, рақымшылық туралы заңды ескере отырып, сегіз айға бас бостандығынан айырған.
Алайда қорғаушы тарап айыпталушының кінәсі дәлелденбегенін айтып, сот шешімдерін жоюды және оны толық ақтауды сұрады.
Кассациялық сот бұл уәжбен келісіп, қылмысты жасырды деген айып жеткілікті дәлелденбеген деген қорытындыға келді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында нақты қандай хат-хабарламалардың өшірілгені, олардың кіммен жазылғаны, мазмұны қандай болғаны және оларды өшіру қылмыс ізін жасыруды қалай дәлелдейтіні анықталмаған», - деп мәлімдеді сот.