Каспий теңізінің Песчаный мүйісі маңынан бірнеше аққудың өлексесі табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті балық аулаумен айналысатын тұрғынның айтуынша, ол қысқа уақыт ішінде осындай жағдайға екі рет куә болған. Оның сөзінше, жағалаудан шамамен 10-ға жуық аққудың өлексесі анықталған.
Балықшы құстардың қырылуына теңіз суының ластануы себеп болуы мүмкін екенін алға тартады. Ол бұл аумақта бұрын да кемелерден балласт сулардың төгілгені бірнеше рет тіркелгенін атап өтті.
9 сәуір күні Жайық-Каспий өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары оқиға орнына барып, жағдайды тексеруге кірісті.
Айта кетейік, Каспий жағалауында жыл сайын ондаған итбалық пен өзге де теңіз жануарларының өлексесі табылып жатады. Экологтар мен жергілікті тұрғындар бұл құбылысты теңіздің өндірістік қалдықтармен және кеме қатынасынан туындайтын ластанумен байланыстырады.
