Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы желіде жазба жариялады

Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы желіде жазба жариялады
Фото: instagram.com/mangystau_oblysynyn_akimdigi

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темерханның анасы Самал Кеуелова әлеуметтік желідегі парақшасында ұлы мен қаза болған досы Азаматтың достығы туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген Ақжол жан досы Азаматтың беретін қолынан тастамаған.

"Ол жан досы Азаматтың беретін қолынан тастамай, жедел жәрдем көлігінде өзіне көмек көрсетуге келген фельдшерлерге де: "Азаматтың беретін бермеймін…" – депті", – деп жазды Самал Кеуелова.

Ақжол қабылдау бөліміне түскен кезде де беретті ешкімге бермей, "Азаматтікі… Өзім беремін" деп ұстап отырған.

Сарбаздың анасының сөзінше, кейін медицина қызметкерлері бұл жағдайды көзіне жас алып айтып берген.

"Мен анализ ала алмадым… Беретін бермей, бәрімізді жылатты", – деген дәрігерлер.

Самал Кеуелова осы оқиға өзіне шынайы достықтың қадірін тағы бір мәрте ұқтырғанын жазды. Ол бұрын Алладан балаларының амандығынан кейін оларға адал дос жолықтыруын тілейтінін еске алған.

"Өйткені шынайы достықтың қадірін Ақжолдың қолындағы сол берет үнсіз-ақ айтып тұрғандай… Аллама мың да бір шүкір, менің баламның, біздің отбасымыздың, енді бүкіл халықтың өмірінде Азаматтың барына", – деп жазды ол.

Ақжолдың анасы жазбасының соңында қаза болған Азаматтың рухына арнап жүрекжарды сөздерін жеткізді.

"Азамат балам… Жатқан жерің жайлы болсын. Сенің есімің де, достығың да, жарқын бейнең де біздің жүрегімізде мәңгі сақталды. Сен ұмытылмайсың… Өйткені сен бір ананың баласы ғана емес, бір достың жүрегінде мәңгі қалған адал доссың", – деді Самал Кеуелова.