Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздың анасы жазба жариялады

Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздың анасы жазба жариялады
Фото: әлеуметтік желіден

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова ұлының басынан өткен оқиғаны баяндады. Оның айтуынша, Ақжол ең ауыр сәтте өзіне демеу болған белгісіз дауысты естіген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Самал Кеуелова ұлы ауруханада жатқан кезде қайғылы оқиға болған күнді еске алғанын айтты. Сарбаздың сөзінше, қиын сәтте белгісіз біреудің өзін жігерлендірген дауысын анық естіген.

"Ақжол, досым, шыдашы, құрттай ғана қалды!" – деген сөздер оның есінде сақталып қалған.

Анасының айтуынша, дәл осы сөздер Ақжолға үміт сыйлап, қиындыққа төтеп беруіне күш берген.

Самал Кеуелова бастапқыда ұлына көмектескен Бекет есімді сарбаздың осылай айтқан болуы мүмкін деп ойлаған. Кейін Бекет пен Никитаның да ауруханаға түскенін біліп, оларды үйіне шақырып, дастарқан жайған. Алайда кездесу кезінде анасы бір жайтқа назар аударған. Ол Ақжол мен Бекеттің өзара сөйлескенде бір-біріне "досым" деп айтпайтынын байқаған.

Осыған таңғалған Самал Кеуелова ұлынан естіген дауысы туралы қайта сұраған. Ақжолдың айтуынша, Бекет қайғылы жағдай кезінде оны көрмеген. Сондықтан өзін жігерлендірген сөздерді нақты кім айтқанын білмеген.

Ұлының әңгімесінен кейін Самал Кеуелованың ойына қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Азамат есімді сарбаз түскен. Анасының айтуынша, марқұм Азамат Ақжолға үнемі "досым" деп сөйлеген екен.

"Сол сөзді естіген сәтте ойыма бірден Азамат түсті. Өйткені Азамат Ақжолға үнемі "досым" деп сөйлейтін еді ғой", – деп жазды Самал Кеуелова.

Ол ұлының есінде қалған дауыстың нақты кімге тиесілі екенін білмейтінін жеткізді. Дегенмен бұл сөздер Ақжолдың жадында ерекше сақталып қалған.