Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласын дамытуға 12 млн доллардан аса грант тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері су саласын дамытуға 12 млн доллардан астам грант тартқан.
Мысалы, Францияның даму агенттігі Балқаш көлін сақтап қалуға арналған мастер-жоспарды дайындауға 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлді. Ал «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін қорғау үшін 5 млн доллар бөледі. Жапония Үкіметімен бөгеттерді кешенді басқару арқылы Қазақстандағы су тасқынына қарсы күрес шараларын жақсарту үшін шамамен 2 млн АҚШ долларын беру туралы келісім бар. Ислам даму банкі «Қазсушар» РМК-ны техникалық жабдықтауға, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының су және өзен бассейндерінің мәселелерін зерттеу мен бағалауына, сондай-ақ Су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте әрекет ету жүйелерін енгізуді бағалауға 3,5 млн доллар бөледі.
"Грант қаражаты су шаруашылығының түрлі салаларында ірі жобаларды әзірлеуге жұмсалады. Сонымен қатар шетелдік серіктестер мен халықаралық қаржы ұйымдары да сапалы талдау мен сараптаманы жиі ұсынады. Гранттардан бөлек, инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде бірқатар ірі қазақстандық және халықаралық компаниямен келісімдер бар", – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Еске салайық, бұған дейін халықаралық сарапшы, осы салада 45 жылдық тәжірибесі бар белгілі маман Ерлан Бадашев Dalanews.kz-ке берген эксклюзив сұхбат берді.
"Әділ түрде су бөлуіміз керек. Іште де, сыртта да аз су болса да бөліп ішу керек. Ауылдық жерлерде қазір қырғын болып жатыр. Көбі білмейді. Ауыл мен ауыл, ағайын мен ағайын кетпенмен шабысайын деп отыр. Өйткені қолында билігі бар адам каналды бұрып алады да, төменге су бермейді. Канал ортақ меншікте болуы керек. Оны кеше министрге де айттым. Әділ, тең су бөлу бойынша бөлек заң жазбай болмайды. Сол кезде олар қорқады. Тіпті Сырдария бойынша Түркістан мен Қызылорда арасында тұрақты түрде келіспеушілік бар", - деді сарапшы.