Жиі желі "жұлдызына" айналатын экс-полицейдің бұған дейінгі ісі қалай аяқталды?

Сағыныш Сардарова 12 нау. 2024 09:31 1515

Әлеуметтік желіде бұған дейін "гүл ұрысы" ретінде танымал болған бұрынғы полиция қызметкерінің тағы бір видеосы тарап кеткен еді. Осы жолы ол мекемеде әйелдің телефонын тартып алғаны айтылады. Полицейлер оның бұған дейінгі ісі қалай аяқталғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оған қатысты бірінші оқиға 2023 жылы мамырда болды. Бұл видео да әлеуметтік желіде тарап кетті: ер адам салоннан гүл шоғын алып кетеді, оған қоса флористті итеріп жібереді.

Кейінірек видео кейіпкері 2023 жылы 19 мамырда полиция қатарынан өз еркімен берілген рапортқа сәйкес кеткен Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы қызметкері екені белгілі болды. Гүл дүкенінде болған оқиғаға қатысты "Тонау" бабы бойынша іс басталды.

"Әлеуметтік желілерде жарияланған видео материалдарды талдау нәтижесінде Тұран ауданы Полиция басқармасы айтылған дерек бойынша ҚК-нің 191-бабында, 2-бөлігінде, 1-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша соталды тергеу бастады және Шымкент полиция департаментіне жіберілді. Осы қылмыстық іс бойынша қажет тергеу жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша заңды іс жүргізу шешімін қабылдай отырып, кінәлі адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", - делінген еді сол кезде Шымкент прокуратурасы хабарламасында.

Бұрынғы полицейге қатысты екінші оқиға жақын күндері Шымкент қаласындағы мейрамханалардың бірінде болды. Телефонын қайтаруды сұраған әйелге экс-полиция қызметкері жауап бермейді.

"Әкел телефонымды. Телефонды алып кел дедім саған! Ішкеніңе төлей алмайсың ғой қазір. ...Мына кісі айтып жатыр ме едіңдер? Ішкеніне төлеп алсын. Менің телефонымды кепілге тастамақшы. Жақсылап телефонға түсірші. Сол гүлге ақша төлей алмайтын жігіт қой", - деді видеода әйел.

Кадрлардан оқиға куәгерлері әйелге көмектескісі келгені көрінеді. Алайда ер адам олардың да сөзіне құлақ аспайды.

“Менің телефоным, соны ала сал. Саған сыйладым. Менде телефон жоқ, көлікте”, – дейді ер адам.

Сонымен қатар, желі қолданушылары экс-полицей басқа адамдардың заттарын алып қоятын әдетін қоймағанына ашынған.

Кеше құқық қорғау органының бұрынғы қызметкеріне қатысты іс тоқтатылғаны белгілі болды.

"Оған қатысты бұрын тіркелген қылмыстық іс қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Шешімді Шымкент прокуратурасы келісіп, бекіткен", - деп жауап берді Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері Tengrinews.kz-ке.

Сонымен қатар, полицейлер жақын арада болған оқиғаға қатысты да пікір білдірген еді.

"Бұл дерек бойынша полицияға ешқандай арыз түскен жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін видеода көрсетілген адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, М. Беков Ішкі істер органдары қызметкері емес екенін хабарлаймыз", - деп жазылған Шымкент Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар