Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында үйлер қаңырап бос қалған. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі TikTok желісінде осындай видео жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видео авторының айтуынша, бір көшедегі төрт үйде ғана адам қалған, қалғандары бос.
"Қаншама үй бос жатыр?! Бір ғана көшеде бірнеше үй бос жатыр. Міне бір қатар, міне тағы бір қатар. Терезелердің әйнегі сынған. Қаншама үй, қаншама шығын?! Барлық жерде жарық бар, электр тоғы тартылған. Неге бос қалған?!" - деді желі қолданушысы.
Автордың сөзінше, мұнда балаларға барлық жағдай жасалған.
"Кеше немерелеріммен бірге қаланы араладым. Балаға керектің бәрі бар", - деді ол.
Сондай-ақ, видео авторы қаладағы жаңа үйлерді де көрсеткен.
Желі қолданушылары видеоға түрлі пікір білдірген. Олардың арасынан Сергеевка тұрғындары да табылған.
"Жұмыс табу қиын. Кейбіреулері вахталық режиммен жұмыс істейді. Кейбіреулері қалаға жұмыс істеу үшін кетіп, тұрақтап қалған", "Жұмыс болса ешкім ешқайда кетпес еді", "Менің туып-өскен жерім, жұмыс жоқ, бұрын жақсы еді, 13 жыл бұрын көшіп кеттім, еш өкінбеймін", "Жұмыс болмаса жұрт қалай тұрады?!", "Мен осындай үйде тұрамын, барлық үй суық", - деді олар.
Айта кетейік, Сергеевка облыс орталығы Петропавл қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымдай жерде орналасқан.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жабылып қалған ауылдар туралы сөз қозғады. Депутаттың сөзінше, кейінгі 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалған. 2024 жылдың өзінде СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған.
Сондай-ақ, кейінгі екі жылда Қазақстан картасынан 80 ауыл жойылып кеткен. Бұл туралы Мәжілісте ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел барысында депутат Жигули Дайрабаев мәлімдеген болатын.