Жойқын дауылдан зардап шеккен Ақсуды қалпына келтіруге 814 млн теңге қажет

Көркем Алдабергенова 03 шіл. 2025 10:46

Жойқын дауылдан зардап шеккен Павлодар облысындағы Ақсу қаласын қалпына келтіруге 814 млн теңге қажет, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақсудағы жойқын дауылдан кейін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлер, сондай-ақ электр желілері қайта қалпына келтірілмек.

"443 көше жарығы бағанасы мен 30 электр бағанасы зақымданған. Соның ішінде 397 бағана түзетуді, ал 76-сы толық ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар 213 шам, 29 іргетас ауыстырылуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 260 бағана түзетіліп, 15-і толық алынып тасталды. Бұл жұмыстарға 101,4 миллион теңге қажет", – деп хабарлады Ақсу қаласының әкімдігі.

Бұдан бөлек, №10 өрт сөндіру бөлімі, қалалық сот, прокуратура және мемлекеттік кірістер басқармасының ғимараттарын да қалпына келтіру жоспарланып отыр. Жалпы шығын көлемі – 814,2 миллион теңге.

Еске салайық, 19 маусым күні кешкіге таман жойқын дауыл Павлодар облысын шарпыды. Дауылды желдің салдарынан автобус аялдамалары мен балалар алаңдары зақымданып, ондаған ағаш құлап, сынып түсті. Құлаған ағаштар жол жиегінде тұрған көліктерді басып қалып, бірнешеуін бүлдіріп кеткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар