Қазақстанда жылу маусымы басталды, алайда көмір тапшы. Бұл туралы Энергетика министрлігінің мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жиынға "Қазақстан Темір Жолы "ҰК" АҚ өкілдері, көмір өндіруші кәсіпорындар мен сыртқы сауда қызметінің мамандары қатысты.
Өңірлердегі көмір дайындау жоспары орындалуы, жартылай вагондармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ, өңірлік операторлардың қызметі туралы есептер тыңдалды.
"Бүгінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың жылыту маусымына қажеттілігі - 7,4 млн тонна көмір. Өңірлер бойынша көмір дайындау көлемі 4,8 млн тоннаға жетті, бұл - жоспардың 65%-ы. Энергетика министрлігі өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстайды", - деп жазылған хабарламада.