Жетісулықтар Чернобыль апатының құрбандарын еске алды

Dalanews 13 ақп. 2018 03:55 974

Алматы облысында Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан 602 азамат «Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Марапат бүгін Талдықорған қаласында өткен Чернобыль апаты құрбандарын еске алуға және Алматы облыстық «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің 25 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» атты салтанатты жиында тапсырылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ірі апаттың салдарын жоюға қатысқандарға тағзым етті.

Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Чернобыль апатына байланысты статистикалық деректерді атап өтті. Оның айтуынша, атом электр стансасындағы апат зардаптарын жоюға 32 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Соның ішінде Алматы облысының 2 мыңдай тұрғыны бар.

– Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Мемлекет басшысы ең алдымен ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу туралы тарихи шешім қабылдады. Өйткені Чернобыль апаты бүкіл әлемге атом энергиясының бақылаудан шығып кетсе қандай күйге ұшыратынын көрсетіп берді. Сонымен қатар бұл қайғылы оқиға өз өмірлерін аямастан апаттың зардабын жоюға атсалысқан адамдардың ерік-жігері мен батырлық үлгісін де таныта алды. Бүгін біз чернобылдық ерлерді еске алуға жиналып отырмыз. Әрқайсыларыңыздың сол кезеңдегі іс-әрекеттеріңіз - бүгінгі ұрпақ үшін ерліктің үлгісі, – деді Л. Тұрлашов.

Осы тақырыптағы сөзді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Берлібек Берістемов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Евгений Жуков, Қазақстан Республикасы «Чернобыль ардагерлері» үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Әшірбаев, Алматы облыстық «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұстафа Құсайын  жалғастырды. Жастар атынан облыстық жастар саясаты орталығы директорының орынбасары Жандос Байқамитов сөйлеп, чернобылдық ерлердің ерліктері жастарды отансүйгіштікке, жігерлі болуға, адамзатты сүюге тәрбиелейтінін атап өтті. Осы кездесуге қатысқандар қатарында Семей қаласындағы «Чернобыль мүгедектері» ҚБ төрағасы Виньямин Следников, Қызылорда облыстық «Ару Ана» ҚБ төрайымы Раушан Сарымсақова, Алматы қаласындағы «Ерекше тәуекелдің жауынгерлер бөлімшесі» ҚБ төрағасы Валерий Перминов және басқа да азаматтар болды.



Салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасып, тиісті марапаттарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов табыстады. Солардың қатарында Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушы ретінде Л. Тұрлашовқа да марапат берілді.

Жалпы 1986 жылы Чернобыль атом электр стансасында болған ірі апаттың зардаптарын жоюға Алматы облысынан 2 мыңнан астам азамат аттанған болса, бүгінде олардың 602-сі ортамызда.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар