Жетісуға Швейцариядан ресми делегация келді

Dalanews 16 мам. 2018 15:53 787

Швейцарияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Урс Шимдтің жетекшілігімен Швейцария конфедерациясының Тичино кантонының ресми делегациясы Алматы облысына келді. Делегациямен облыс әкімі Амандық Баталов кездесті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Өткен жылы өзара ынтымақтастық жөнінде екі жақты қол қойылған меморандумның жалғасы ретіндегі осы кездесу барысында ауыл шаруашылығы, туризм, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу салалары бойынша серіктестік мәселелері талқыланды.

– Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикадағы жалпы көлемінің 17-20 %-ін өндіреді. Сондықтан біз үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытудың маңызы зор. Осыған орай бізді сіздердің технологияларыңыз қызықтырады. Біздің кәсіпкерлердің сіздердің бизнес орталарыңызбен өзара тығыз қарым-қатынас орнатқанын қалаймыз. Ол үшін бізде барлық жағдай бар: жайлы инвестициялық климат жасалған, инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген арнайы индустриалдық аймақтар бар. Сіздерден туризмді дамыту, соның ішінде тау туризмін дамыту жағынан үйренеріміз көп. Өйткені біздің табиғи-климаттық ерекшелігіміз дәл осы бағытты дамытуға қолайлы. Сонымен қатар біз тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісі ерекше қызықтырады. Өткен жылы Астана қаласында қос тарап ынтымақтастық орнату ниетімен меморандумға қол қойған болатынбыз. Бүгінгі кездесу сол ынтымақтастықтың жалғасы деп білеміз, – деді облыс әкімі А. Баталов.

Өз кезегінде Урс Шмид мырза Жетісу өлкесі өзінің ерекше көркем табиғатымен тәнті еткенін атап өтті. Облыс орталығы Талдықорған қаласы өзінің көгалдарымен, әсем келбетімен ұнаған. Бұл өңірдің инфрақұрылымы жақсы дамығаны, ауыл шаруашылығының әлеуеті зор екені байқалып тұрғанын да тілге тиек етті.

– Швейцариялық компанияларда Алматы облысына инвестиция тартуға ниетті. Өңір өзінің инфрақұрылымымен тартымды. Облыс нарығында түрлі ірі халықаралық компаниялар табысты жұмыс істеп келе жатқанын білеміз. Біз өз тарапымыздан жаңа айтып өткендей, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, ТҮКШ, жасыл энергетиканы дамыту салалары бойынша әріптестік байланыс орнатқымыз келеді. Ең бастысы – өзара түсіністікте, бірлесіп бизнес жүргізу, – деді дипломат. Мұнан соң сөз алған Тичино сауда-өнеркәсіп палатасының ресми өкілі Альберт Лотти мырза да кантонның бизнес қауымдастығы Алматы облысымен өзара ынтымақтаса жұмыс істеуге әзір екендігін жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған Амандық Баталов делегацияға Жетісу жеріне келген сапары үшін ризашылығын білдіріп, серіктестік байланыстың нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Бұдан кейін ресми делегация облыс тауар өндірушілерінің көрмесі қойылған Талдықорғандағы Көрме кешеніне барды. Сапардың жалғасы ретінде В2В форматында облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтті.

Бүгін швейцариялықтардың сапары жасыл энергетиканы дамыту бойынша Қапшағай қаласында жалғасады. Тичино кантонының өкілдері «Самұрық Грин Энерджи» ЖШС-ның күн электр стансасы мен жел энергетикасына маманданған «АННАР» ЖШС-да болады деп күтілуде.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/35553

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар