Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұртпен жақындасу үшін билік бұтағындағы барлық азаматтардың әлеуметтік желіге тіркелуі маңызды екенін айтқан.
Твиттерінде ел өміріндегі өзгерістер мен әлем назарындағы тақырыптардан тыс қалмай, ойын ортаға салып үйренген Тоқаев әлеуметтік желінің қоғамдық пікірді тоқайластыратын алаңға айналғанына әлдеқашан көзі жеткен.
Президент тапсырмасынан кейін өңірлердегі барлық әкімдер әлеуметтік желіге тіркеліп, ресми парақшаларын ашты. Бұған аудан-ауыл әкімдері қосылып, басқарма басшылары қостап, айналасы бір аптаның ішінде желіге тіркелді.
Полиция басшыларының арасындағы алғашқы болып Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Мұрат Ұрұмханов әлеуметтік желіден өз парақшасын ашып, өзге әріптестеріне үлгі көрсетті.
Парақшаны тіркеп қою бөлек, оны жүргізу, жұрттың сауалына жауап беру – үлкен жауапкершілік.
Генерал Ұрұмхановтың бұл орайда ресмилікке ұрынбай, Алматы өңірінің тұрғындарын ашық диалогқа шақырғаны желідегі жұрттың көңілінен шықты.
Мұрат Ұрұмханов қызметтік тікелей телефон нөмірін жариялап, «тікелей желіде» азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін жеткізді.
«ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен интернет ғасыры. Барлығымыз да уақыт талабына сәйкес әрекет етуіміз қажет. Белсенді болу, азаматтармен диалог құру, әсіресе әлеуметтік желілерде байланыс орнату – заманауи талап.
Осыған орай, Facebook желісіндегі менің атыма ашылған парақша ашық диалог құруға және халықпен келелі байланыс орнатуға көмектесетіні анық.
Сондай-ақ тығыз қарым-қатынас орнату үшін азаматтар полиция қызметін одан әрі жақсарту туралы ұсыныстарын 8-7282-608001 нөмірі арқылы маған тікелей қоңырау соғу арқылы айта алады», – деп жазды Мұрат Ұрұмханов парақшасындағы алғашқы постында.
Бұдан бөлек, полиция басшысы өзінің және орынбасарларының департаменттегі, Құқық қорғау қызметі орталығындағы және «Нұр Отан» партиясындағы азаматтарды қабылдау кестесі туралы жазған.