Жетісу облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арнап мурал салынды. Талдықорған қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінің қабырғасына салынған бұл сурет Ассамблеяның ел бірлігін, татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлін айшықтап тұр,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл теңдессіз арт-нысан – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған, еліміздегі этностардың татулығын, достығын және мәдени ортасын бейнелейтін ерекше көркем туынды. Суретте түрлі этнос өкілдері, ұлттық ою-өрнек, достықты білдіретін символдар мен Ассамблеяның мерейтойына қатысты элементтер көрініс тапқан. Муралды жас қазақстандық суретшілер тобы бірлесіп салды. Жобаның идеясы мен көркемдік тұжырымдамасы Жетісу облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жергілікті шығармашылық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылды.
- Жетісу облысында «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» ұранымен мерейтойлық дата аясында сан түрлі іс-шара өткізілуде. Мурал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің бастамасымен салынды. Қабырға суретінде түрлі этностың ортақ болашағы, ұлттық құндылықтарды біріктіретін бейнелер қамтылған. Әр элемент – халқымыздың ортақ тарихы мен мәдениетіне көрсетілген құрмет, - дейді Жетісу облысының «Қоғамдық келісім» КМК басшысы Еркебұлан Ақболатов.
Мурал салынған «Қаратал» шағын ауданы, 18/2-үйдің тұрғыны Олеся Алахвердиева да пікірін білдірді:
– Мұндай арт-нысандар қаламызды көркейтіп қана қоймай, терең мағыналы ойды жеткізетіні қуантады. Сондықтан оларды өте маңызды деп есептеймін. Әрі көз қуантады, әрі халқымыздың сан алуан мәдениетке бай екенін, бейбітшілік пен достықтың, бірлік пен татулықтың құндылығы қаншалықты жоғары екенін айшықтап тұр, – деді ол.