Жетісу облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Талдықорған қалалық соты облыс бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы А.Сағымбековке және "Талдықорған акционерлік көлік-электржелілік компаниясы" АҚ басқарма төрағасы А.Күзембаевқа үкім шығарды.
Лауазымды тұлға пара алғаны үшін, ал квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы 2025 жылға арналған өңір халқы үшін электр энергиясын тасымалдау тарифінің көрінеу жоғары құнын бекіткені үшін 500 мың теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды.
Сағымбеков пен Күзембаевқа 15 млн теңге және 10 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар, оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынады.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.