Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасында айтылғандай, туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталатыны баршаға аян. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Соған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Осыған орай Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңістің 375 жылдығына және «Орбұлақ» қоғамдық, әдеби-танымдық газетіне 5 жыл толуына орай мектеп оқушылары арасында облыстық «Орбұлақ жүрегімде» байқауы арнайы ұйымдастырылды.
Өз кезегінде шараны ұйымдастырған «Орбұлақ» қоғамдық, әдеби-танымдық газетінің шығарушысы Ерғазы Манапұлы: «Балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау арқылы ұлттық, азаматтық, патриоттық сезімге баулуды көздеп отырымыз. Бүгінгідей технологиялық игіліктер алға шыққан заманда мектеп оқушыларының Отанды сүюге, құрметтеуге үйрету үшін осындай тарихи мәні зор шараларды ұйымдастырып тұру өте қажет деп есептеймін», – деді.
Алматы облысының мектептерінен жиналған өнерлі балалар байқау барысында шығарма, мүшәйра, бейнелеу өнері және драма бойынша сынға түсіп, өз өнерлерін ортаға салды.
Мәселен, мүшәйра байқауында балалар өздерінің «Орбұлақ» шайқасына арнаған жалынды жырларын оқып, батырлардың ерлігін жырлады. Өз кезегінде әділқазылар алқасы жас ақындардың өлең жолдарындағы ұйқас пен көркемдік-эстетикалық қырларын жоғары бағалағанын айта кетуіміз керек. Мүшәйраның қорытындысы бойынша Шапырашты Қарасай батыр атындағы бас жүлдені Текеліден келген Жансая Тілеухан иеленсе, Қаңлы Сарбұқа атындағы 1-орынды Орбұлақтың өрінде туып-өскен Панфилов ауданының тумасы Алуа Асқар қанжығасына байлады. Ал Бөлек батыр атындағы 2-орын талдықорғандық Зеңгір Рахатқызына бұйырды.
Шығарма жазып, қарасөз бойынша сынға түскендер арасында Салқам Жәңгір батыр атындағы бас жүлдені Панфилов ауданының үкілеп қосқан үміті Жайна Тоқтарбай иеленді. Арғын Ағынтай батыр атындағы 1-орын
Талғардан келген Аружан Андасоваға бұйырды.
«Бейнелеу» аталымында Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев атындағы бас жүлдеге Панфилов ауданының өрені Дінмұхамед Айдар ие болса, Төртқара Жиембет батыр атындағы 1-орын Ұйғыр ауданынан ат терлетіп келген Шахрух Бахтахуновқа бұйырды.
Осылайша, екі күнге созылған байқау барысында Жетісудың түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар «Орбұлақ» шайқасының мәні мен мазмұны жайында мол ақпарат жинап, ой-өрісін толықтырып қайтты.
Бақытгүл СҰЛТАНҚЫЗЫ,
Әулиеағаш орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі
Алматы облысы, Панфилов ауданы.