Жетісайда үстел теннисінен облыстық турнир салауатты өмір салты құндылығын насихаттайды

Жарбол Кентұлы 23 қыр. 2024 18:12 1209

Үстел теннисі – әлемде ең көп тараған қызықты, жан-жақты және әр жастағы адамдар үшін қолжетімді спорт түрі. Қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығы мен техникалық қиыстырулардың кенеттілігімен ерекшеленетін, көпшіліктің қызығушылығын өзіне аудара білген спорт түрін жастар арасында кеңінен насихаттап, Президент Жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатарын арттыру мақсатында ҚР медицина ғылымдарының кандидаты, медицина саласының үздігі, іріленген «Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы», Жетісай жоғары медицина колледжінің іргетасын қалаушы, көптеген дәрігерлердің ұлағатты ұстазы болған Лауия Тоқбергенұлы мен Лайс Тоқбергенов еске алуға арналған облыстық турнир өтті.

Қызылорда облысы мен Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы қалаларынан, Сарыағаш, Сайрам, Келес, Қазығұрт, Отырар, Түлкібас, Шардара, Мақтаарал мен Жетісай аудандарынан келген 150 спортшы өзара бақ сынасқан турнирдің ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, спорт пен медицина саласының ардагерлері, Лауия Тоқбергенұлының отбасы мен туған-туыстары, шәкірттері қатысып, сәттілік тіледі.

Жас ерекшеліктеріне қарай 18-39, 40-54 және +55 жас аралығындағы спортшылар бірнеше топқа бөлініп, өзара мықтыларды анықтады.

– Бүгінгі жарысқа қатысушылардың дайындықтары өте жоғары. Бәрі де жеңіс тұғырынан көрінуге лайық. Статусы облыстық дегеніміз болмаса қатысушылардың арасында облыстық, республикалық және халықаралық түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлдегер атанып жүрген 40-там астам чемпион бар, – дейді «Жетісай спорт клубы» мекемесінің директоры Таласхан Битөреев.

Алғаш рет 2002 жылы бастау алып, биыл XVIІI рет өткізіліп отырған дәстүрлі турнирдің қорытындысы бойынша 18-39 жас аралығындағы спортшылар арасында ІІІ орынды жетісайлық Мухамбет Әли Дәулет иеленсе, ІІ орын түлкібастық Жанарыс Таңсықтың, І орын шымкенттік Нұрлан Абатовтың қанжығасына байланды.

Ал, 40-54 жас аралығында спортшылардан Қызылорда облысының спортшылары Медетбек Ермаханов ІІІ орынға, Дәулетияр Машрапов ІІ орынға табан тіресе, Шымкенттен келген Ермек Екібаев жүлделі І орынды жеңіп алды.

55 және одан жоғары жастағы қатысушылар арасында шымкенттік қатысушы Вадим Шугаев ІІІ орынды, түркістандық Нартай Төлбасиев ІІ орынды және жетісайлық Марат Абишев І орынды иеленді.

Одан бөлек, сайрамдық Тоймұрат Ешимов, сарыағаштық Сүндет Мұқанов, қызылордалық Маханбет Асылбеков пен шымкенттік Самат Шакетов «Үздік ойыншы» атанса, шымкенттік Нұржан Талдахметов, Қуатбек Телхозиев, Ғабит Кеңес, Николай Ким, түлкібастық Ескендір Баймұсаев «Ардагер ойыншы» номинациясына, жетісайлық Қаныбек Қарашаев пен шымкенттік Бауыржан Жанбуршин «Шебер ойыншы» номинациясына ие болды.

Жарыс соңында барлық жеңімпаздар мен түрлі номинация иегерлері ұйымдастырушылардың кубок-медальдарымен, дипломдармен және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар