Жетісай мен Мақтааралдың жаңа әкімдері тағайындалды

Dalanews 18 шіл. 2018 05:21 1113

 

Түркістан облысындағы жаңадан құрылған Жетісай ауданының әкімі тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен бұл қызметті Жамантай Қанайұлы Бейсенбаев атқаратын болды.

Сонымен бірге, осы күні осындай шешімдер аясында меритократия қағидатына сай Мақтаарал ауданының әкімі лауазымын Бахыт Нәсірханұлы Асанов өз міндетіне алды.

– Сіздерді жаңа Жетісай ауданының құрылғанымен құттықтаймын. Енді тың қарқынмен мемлекеттік бағдарламаларды сапалы түрде жүзеге асыруға жұмыс істеулеріңіз керек. Аудан әкіміне жүктелер ең басты үш тапсырма бар. Олар: саяси тұрақтылықты сақтау, аудан тұрғындарының бірлігін нығайту және экономикалық тұрақтылықты сақтай отырып өсімге қол жеткізу. Осы шаруалар сапалы орындалса, бәрі жақсы болады. Шекара маңында орналасқандықтан Жетісайдың стратегиялық маңызы өте жоғары. Даму мүмкіндігі де мол. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жүйелеп дамытып, кәсіппен шұғылданамын деушілерге қолдау көрсетілсін. Атқарылатын шаруа өте көп. Іске сәт! – деді аймақ басшысы.



Ж.Қ.Бейсенбаев 1958 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі ғалым агроном, заңгер. Еңбек жолын 1982 жылы Алматы облысы Қаскелен ауданы «Пригородный» кеңшарының аға агрономы ретінде бастаған.

1984-2018 жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Жетісай аудандық комитетінің хатшысы, «Красная звезда» кеңшарының партия комитетінің хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Мақтаарал ауданы ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Мақтаарал ауданы Жетісай қаласының әкімі, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған.

2018 жылдың сәуір айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының әкімі лауазымында қызмет етіп келді.

Кезекті басқосуда, Жансейіт Түймебаев Мақтааралдың әкімін таныстыру кезінде,  мақталы өлкеде алдағы уақытта атқарылар істің көптігіне тоқталып, шекаралық аудандағы бірқатар мәселелер бұдан былай тезірек шешімін табатынына сенім білдірді.

– Жаңадан Мақтаарал ауданының құрылғанына ел риза. Енді елге қызмет көрсету, әлеуметтік мәселелерді шешу жеңілдейді. Тұрғындар құжат реттеу үшін алысқа шабылмайды. Тағы айта кетерлік жай, сіздер жаңадан құрылған Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының тұрғынысыздар. Бұл да үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Елбасы Түркістан облысына баса мән беріп отыр. Түркістан Түркі әлемінің көшбасшысына айналуы үшін сіздер де үлес қосуларыңыз керек. Көрші елмен шектесетін ауданға үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктеледі. Жаңа әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, ел сенімін ақтайды деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Ж.Түймебаев.

Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Жамантай Бейсенбаевқа алғысын білдіріп, алдағы қызметінде табыс тіледі.

Б.Н.Асанов 1962 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі инженер-құрылысшы.

Еңбек жолын 1984 жылы ЖМК «Жетісай ауыл құрылыс» трестінің нормалаушысы ретінде бастаған.

1986-2011 жылдары Ленин атындағы кеңшардың газдандыру жөніндегі жұмыстарды техникалық қадағалаушысы, Ленин атындағы кеңшардың құрылыс бөлімінің шебері, «Көксу» кеңшарының аға прорабы,  «Жібек жолы» сауда базасы директорының орынбасары, Республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қоры директорының орынбасары, Алматы қалалық жастар кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі қордың Фрунзе аудандық филиалы директоры, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясының инспекторы, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы Жылы су селолық округінің әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.

2011 жылдың шілде айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етіп келді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар