"Жерді қайтарыңдар...". Жапонияның жаңа премьер-министрі Путинге талап қойды

Dalanews 11 қаз. 2021 06:40 1083

Жапонияның жаңа премьер-министрі Фумио Кисида территориялық дау-дамайды реттемейінше Ресеймен арада ешбір бейбіт келісімге қол қойылмасын мәлімдеді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Парламент мінберінде өзінің саяси бағдарламасын жария еткен саясаткер Курил аралдарына қатысты жер дауын шешуге басымдық беретінін атап өтті.

"Солтүстік территориялар төңірегіндегі мәселелердің басын ашып алғанымыз жөн, тек содан кейін ғана Ресеймен бейбіт келісімге қол қоюды талқылайтын боламыз",  – деді ол.

Кисида территорияға қатысты Жапония талабы толық орындалмайынша Ресеймен арада бітім орнамасын кесіп айтты.  


7 қазанда Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы тілдескен Кисида Курил аралдарына қатысты өз көзқарасын ортаға салған.

Кисида Оңтүстік Курилде орналасқан - Кунашир, Шикотан, Хабомаи және Итуруп аралдарын Жапонияға қайтаруды талап еткен.

"Төрт арал да біздің елге тиесілі. Біз бұл позициямыздан таймаймыз. Ресеймен арадағы келіссөз тек осы бағытта өрбиді", – деп атап өткен екен жапон саясаткері.

Айта кетелік 1855 жылғы екіжақты Сауда-саттық және шекара трактатының талабына сай Жапония - Кунашир, Шикотан, Хабомаи және Итуруп аралдарына иелік етуге құқылы.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО-мен бітімге келген Токио, бейбіт келісімнің өтеуі ретінде – аралдарды Жапония құрамына қайтаруға қатысты шарт қойған, алайда талап әлі күнге дейін орындалған жоқ.

1956 жылы КСРО және Жапония дипломаттары қайтадан үстел басына жиналады. Келіссөз нәтижесінде Мәскеу Токиоға төрт аралдың тек екеуін қайтарып беруге көнеді. Алайда Жапония тарабы бұл ұсынысты қабыл алмайды. Себебі КСРО билігі алғашқыдағы сертінен тайқып кеткен еді.

Путиндік Ресейдің қазіргі уәжі: "Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аталған аралдар КСРО құрамына өтті, олардың Ресейге тиесілі екен дау туғызбайды" дегенге саяды.

Кремль маңындағы сарапшылардың тұспалдауынша арал тағдырына қатысты Жапония премьерімен өтетін маңызды талқылауда Путин осы ұстанымда тұруы тиіс.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар