Жастар саясаты: жаңа форматтарды іздеу жолында

Dalanews 06 қаз. 2022 07:03 1910

Кез келген елдің болашағын оның негізгі қозғаушы күші саналатын, құнды стратегиялық және кадрлық ресурсы ретінде әрекет ететін жастар айқындайды. Сондықтан Қазақстанда жастар саясаты мемлекеттің маңызды міндеттерінің қатарына жатады. Бұл орайда, жастардың табысты әлеуметтенуі және әртүрлі шешімдерді қабылдауға толық қатысуы маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ олардың рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан дамуы үшін барлық қажетті жағдайларды жасау да жалғаса беруі тиіс.

 

Бастапқы стратегия былай болған...

Әрине, бұл міндеттердің барлығын тиімді жүзеге асыру көбіне жан-жақты ойластырылған заңнамалық базаға байланысты. Ал Қазақстан жастарының осы бағыттарда ілгерілеуі үшін қандай шаралар қолға алынған, құқықтық мүмкіндіктер қарастырылған ба, жалпы ел ертеңіне деген сындарлы көзқарас қалыптасқан ба?

Бұл саладағы алғашқы нормативтік құқықтық акт – 1991 жылғы 28 маусымдағы «Қазақ КСР-дегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл экономиканың бір түрінен екінші түріне көшуді көрсететін.

Бұл құжатта демократиялық, ашықтық қағидаттары да қамтылған еді. Әрине, жастарды дамытудың маңызды бағыттарын айқындаған өзекті және дер кезінде қабылданған Заң болды.

Еліміздің одан әрі дамуын айқындаған тағы бір маңызды тұжырымдамалық құжат Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жазылған бұл құжат әлі де өзектілігін жоймаған басым мақсаттарды қамтиды. Оның ішіндегі жастар саясатына қатысты бөлімде өскелең ұрпаққа, сондай-ақ жас отбасыларға барынша назар аудару ұсынылады.

Одан кейінгі құжат 1999 жылы 28 тамызда бекітілген Қазақстан Республикасының Жастар саясатының тұжырымдамасы. Онда жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, олардың адамгершілік-рухани дамуы; еңбек, білім және денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету; әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерді жүзеге асыру, интеллектуалдық және физикалық дамуы үшін жағдай жасау; қоғамдық бастаманы қолдау және ынталандыру; халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру процестеріне қатысу сынды маңызды бастамалардың орындалу жолдары көрсетілген.


Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында 2001 жылы 2003-2004 жылдарға арналған «Қазақстан жастары» бағдарламасы бекітілді. Іс-шаралар жоспарында жұмыссыз жастарға арналған бос орындар жәрмеңкелерін өткізу, бизнес-инкубаторлар мен арнайы веб-сайттар құру, жастардың жай-күйі туралы мемлекеттік есепті жариялау және сол сияқты жаңа форматтар енгізілді.

 

Серпін алды, сең қозғалды

Жастар саясатын кейіннен жүзеге асыруға негіз болған 2004 жылғы 7 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң саланың дамуына тың серпін берді. Жаңа бастамаларды ынталандырып, жастардың өсуіне ықпал етті. Салада сең қозғалып, ілкімді істер қолға алынды. Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық акт жастарды жеке әлеуметтік-демографиялық топқа бөлуге, оларға белгілі бір әлеуметтік құқықтар мен мемлекеттік кепілдіктер беруге мүмкіндік берді. Жастардың жас шегі 14 пен 29 аралығында белгіленіп, бекітілді.

2005 жылдың 9 қыркүйегінде Жастар саясатының 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Оның мақсаттары мыналарды қамтыды: жастардың әлеуметтік бағдарланған іс-шараларын өткізу; жастардың рухани, мәдени-ағартушылық, кәсіптік дамуы мен физикалық ілгерілеуі үшін жағдай жасау; оның шығармашылық мүмкіндіктерін ашу; жастар ұйымдарының әлеуметтенуі мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасау.

Одан әрі қоғамның рухани әлеуетін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бұл құжат жауапкершілік сезімінен көрінетін, Отанының, қоғамының, отбасының, өзінің игілігі үшін саналы таңдау жасап, өз бетінше шешім қабылдай алатын оң, шығармашылық көзқарасы бар азаматты тәрбиелеуді көздеді. Сонымен қатар, күш-жігері мықты моральдық өзегі бар, икемді, өзгермелі жағдайларға оңай бейімделетін және жаңа идеяларға ашық тұлғаны қалыптастыруға бағытталды.


Кейін, 2013 жылдың ақпан айында Қазақстан Үкіметі Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Құжатта қазақстандықтардың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еркін әлеуметтік даму құқығын іске асыру үшін жағдай жасау, өз мүдделеріне сәйкес және қоғам мүддесін ескере отырып, шығармашылық бастамашылық жасау сияқты басым міндеттер айқындалды.

2015 жылы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оны жүзеге асыру аясында аймақтардағы жастар ресурстық орталықтарының қызметін, республикалық және облыстық жастар форумдарын өткізуді реттейтін бірқатар нормативтік құқықтық құжаттар бекітілді.

 

Жақын болашақта енгізілуі мүмкін бес өзгеріс

Осы заңдық шешімдердің барлығы жастар саясаты саласын одан әрі жетілдіруге берік негіз қалады. Бұл – сарапшылардың пікірі. Соңғы кездері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолданыстағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға бірнеше негізгі өзгертулер енгізумен айналысуда.

Нақтылап айтқанда, жастар үшін әлеуметтік қызметтер түсінігін енгізу назарға алынып жатыр. Оларға «бір терезе» қағидаты бойынша жастар ресурстық орталықтарында, яғни арнайы кешендерде әлеуметтік, психологиялық, құқықтық, педагогикалық, еңбек, медициналық қызметтер көрсететін болады. Сонымен қатар, осы жастарға қызмет көрсетудің барлығына арнайы стандарт әзірленеді.

Екінші, жастардың тұрғылықты жері бойынша жастардың бос уақытын тиімді де сапалы ұйымдастыруға баса көңіл бөлінеді. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті қолдау және дамыту, жастардың өзін-өзі басқару және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да әлеуметтік маңызы бар салалар бойынша қызмет көрсететін заңды тұлғалар санын жиілетуге күш салынады.

Үшінші, жастар қызметкері лауазымын енгізу жоспарлануда. Бұл кейінгі буынның тұлғалық және әлеуметтік дамуын қолдауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын, мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес қажетті біліктілігі бар тұлға болады.


Төртінші, «NEET жастары» тұжырымдамасы енгізіледі. «Білімде, жұмысқа орналасуда немесе оқытуда емес» дегенді білдіреді және оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастарды қамтиды. Бұл осы әлеуметтік кіші топпен жұмысты күшейтуге ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар, осы тұжырымдаманы заңнамалық бекіту NEET есептеу мен анықтаудың қазақстандық әдістемесін әзірлеуге негіз болады.

Бесінші, «Жастардың даму индексі» түсінігі қалыптастырылады. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және салауаттылық, жұмыспен қамту, саяси және азаматтық белсенділік сияқты бес негізгі бағыт бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру тұрғысынан жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігінің кешенді көрсеткіші болуы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, жоғарыда аталған бастамалар жас қазақстандықтардың барлық әлеуметтік кіші топтарымен жұмыс сапасын арттыруға бағытталған және мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіруге ықпал етуі керек. Сонымен бірге, оны қалыптастырған кезде жастардың өз қалауы мен қажеттіліктерін ескерген жөн. Осылайша, олардың пайымына сай, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда бірінші кезекте жұмыспен қамтуға, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жастардың мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелеріне, пайдалы білім беруге назар аудару қажет.

 

Мемлекеттік бағдарламал көздеген межеден көрінуде

Арнайы ұйымдастырылған сауалнама қорытындысына сәйкес, өңірлер бойынша жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін Қостанай (48,8 пайыз), Павлодар (43,1 пайыз) және Ақтөбе (42,1 пайыз) облыстарының жас тұрғындары атап өтуде. Атырау (56,3 пайыз) және Қызылорда (49,5 пайыз) облыстарының респонденттері жұмыспен қамту мәселелерін шешу туралы көбірек айтқан. Білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелеріне Батыс Қазақстан (23,5 пайыз), Қызылорда (20,4 пайыз) облыстары мен Алматы қаласының (20,4 пайыз) респонденттері көбірек назар аударыпты.

Сауалнама барысында респонденттерге мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың тиімділігі туралы да сауал қойылған. Жастардың 48 пайызы жастарды қолдау мен дамыту тиімді жүзеге асырылып жатыр деп жауап берген. Олардың пікірінше, мемлекет жастарды қолдау бағытында біршама белсенді жұмыстар атқаруда, түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Сауалнама нәтижесі бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын жастардың саны 2,3-9,9 пайызды құрайды.



Ең көп қатысу жұмыспен қамтуға қатысты бастамаларда атап өтілді. Мәселен, жастардың 9,9 пайызы «Жастар тәжірибесіне», 9,2 пайызы «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқан.


Мемлекеттік бағдарламаларға қатысқандардың қанағаттану деңгейі айтарлықтай жоғары – барлық дерлік бағдарламалар мен жобалар бойынша ол 80 пайыздан асады («толық қанағаттандырылды» және «қанағаттанарлық» деген жауаптардың қосындысы). Қанағаттанудың ең жоғары деңгейі «Серпін-2050» бағдарламасына (60,3 пайыз – толық қанағаттандырылды, 32,4 пайыз – жеткілікті қанағаттандырылды), «Жасыл ел» жобасына (56,3 пайыз – толық қанағаттандырылды, 33,3 пайыз – біршама қанағаттандырылды) , «Болашақ» халықаралық стипендиясына (64,7 пайыз – толық қанағаттандырылды, 24,7 пайыз – жеткілікті қанағаттандырылды) қатысты айқындалған.

 

Жастар саясатында ескерілуі тиіс он жағдай

Қазіргі қазақстандық жастардың пікірлері мен талаптарын, сондай-ақ әртүрлі социологиялық сауалнамалар мен сарапшылардың пікірлерін ескере отырып, жалпы алғанда, жастар саясатын қалыптастыру кезінде мыналарға назар аудару керек деп ой түюге болады:

Біріншіден, отбасы институтын әлсіретіп алмау қажет. Бүгінгі таңда отбасының дәстүрлі емес түрлері – азаматтық неке, ата-анасының біреуі ғана бар отбасы, екінші әйелі бар отбасы, баласыз отбасы (балалы болудан саналы бас тарту), сологамия (жалғыздықты саналы түрде таңдау, ұзақ мерзімді отбасылық өмірден бас тарту) кең таралуда. Мұндай таңдаудың салдары балалар мен жастар санының аздығына және халықтың қартаюына алып келетіні сөзсіз.

Екіншіден, корпоративтік бюрократиядан стартаптар нарығына және фриланс индустриясына көшу жұмыстарына белсене кірісетін уақыт келді. Қазақстанда 2 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтыса, олардың айтарлықтай бөлігін жастар құрайды. Көбісі өздерін фрилансер ретінде көрсетеді немесе бірнеше жұмыс орнында еңбек етеді. Олар еркін кестені, «төменгі және төбесі жоқ» шексіз табысты, көп тапсырманы және өзін-өзі тәрбиелеуді құрметтейді. Бұл салада шаштараздар мен астрологтардан ақпараттық бизнесмендер мен қаржылық кеңесшілерге дейінгі көптеген мамандықтар ұсынылған.

Үшіншіден, жоғары ұтқырлық ұғымын қалыптастыруға назар аудару керек. Жастар дәстүрлі нормалар мен негіздерден азат болды, олар өз елін, жұмысын, қоршаған ортасын кез келген уақытта өзгертуге қабілетті болуды қалайды, олар алдағы онжылдықтарда ипотекаға байланғысы келмейді. Қазіргі жастар өз баспанасын «кейінірек» сатып алуға бейім және сатып алудан гөрі жалға алуды жөн көреді.

Төртіншіден, дәстүрлі саяси формалардан алшақтауды тежеген жөн. Deutsche Bank-тің 2030 жылға арналған болжамында атап өтілгендей, «жас ұрпақтың саяси процестерден алыстау сезімін елеусіз қалдыруға болмайды», өйткені «олар кері соққы жасай алады». Саясатсыздықтың күшеюімен қатар жастардың азаматтық белсенділігі де артып келеді, бұл олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау мақсатындағы жаппай наразылықтарда көрінеді.


Бесіншіден, дәстүрлі БАҚ-қа сенімсіздіктің артуы алаңдатарлық деңгейге жетті. Әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі ретінде әрекет етеді, ал белгілі бір хабарды таратушының беделі мен аудиториясы маңызды рөл атқарады.

Алтыншыдан, цифрландыру уақыттың талабы болып тұр. Зерттеулерге сәйкес, 2022 жылы барлық онлайн контенттің 82 пайызы бейне форматта көшеді. Солай болды да. Қазіргі жастар арасында бағдарламалау тілдерінің бірін білу қалыпты жағдайға айналуда, ал орта мектеп оқушысы Телеграм-боттың кодтауын жазуға әбден қабілетті. Ертең қандай мазмұнды тұтынатынымызды бүгін жастардың өзі айтады.

Жетіншіден, тағамға деген жаңа көзқарас қалыптасты. Үйдегі дәстүрлі тағамнан бас тартып, шағын тағамдар мен азық-түлік жеткізуге көшу байқалады, ал кейбір жастар қоршаған ортаға және жануарлар әлеміне деген көзқарасына байланысты вегетариандыққа ауысады. Қазіргі жастар ас қабылдауды отбасылық дәстүрдің бір түрі ретінде қарастырмайды.

Сегізіншіден, өмірдің қарқынын жеделдету шаралары белең алды. Жастарға өзгермелі үрдістер мен өмірдің динамикалық ырғағы тән. Сатып алулар жиі онлайн режимінде жүзеге асырылады, саяхаттар мен рейстер арзанырақ болды. Жеделдету, тіпті сән үрдістерінде де сезіледі - тегіс аяқ киім, кроссовкалар мен бутсилар қатаң кеңселер мен қызыл кілемдерге еніп кетті. Ақпарат жолда да тұтынылады. Қазіргі жастардың кітап, журнал оқуға уақыттары жоқ, 2-3 минутта жаңалықтар лентасын ақтарады, қарым-қатынас әлдеқайда жеңіл әрі жылдам болды.

Тоғызыншыдан, еріктілік туралы жаңа түсінік қалыптасып үлгерді. Дәстүрлі түрде альтруизм деп есептелсе, бүгінде ол қоғамға пайдалы қызметті өзін-өзі дамыту және мансаптық өсумен біріктіруге ұмтылу ретінде қарастырылады. Негізгі мақсат - өз дағдыларыңызды және жеке қасиеттеріңізді жетілдіру. Сондай-ақ олар өз түйіндемелерін толтыруға, жақсы уақыт өткізуге, жұмыс тәжірибесін жинақтауға және кәсіби қызмет саласына қатысуға ерікті.

Ал, оныншыдан, мультитрендтік немесе мәдени делимитация бойынша атауға болады. Қазақстандық жастардың бір бөлігі белгілі бір үміт пен сенімге ие, әсіресе американдық өмір салты туралы идеялардың арқасында батыс әлемімен сәйкестенеді. Басқалары Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне құмар. Мысалы, корей толқыны (немесе халлю) телехикаялармен немесе музыкамен шектелмейтін жаһандық жанр. Көптеген жанкүйерлер корей киімін, косметикасын және корей тағамдарын импорттау нарығын жасайды. Дәстүрлі мультфильмдердің орнын манга (комикс) және аниме сериалдары басып жатыр. Бүгінгі таңда K-pop жастарды киіндіреді, тамақтандырады және бағыттайды. Түрлі мәдени сәйкестендіру кодтарымен қатар, діни фактор маңызды рөл атқарады: соңғы жылдары дәстүрлі ислам құндылықтары (ораза ұстау, жұма күні мешітке бару) жастар арасында танымал болды.

Мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру кезiнде жастардың қажеттiлiктерiн, мүмкіндіктері мен мүдделерiн ескере отырып, оларға жаңа әлеуметтiк жағдайлар жасау мақсатында жоғарыда аталған тенденцияларды ескеру қажет. Тиісінше, дамыған елдердің тәжірибесіне негізделген жастар саясатының жаңа біртұтас тұжырымдамасын қайта бағдарлау, мүмкін, құру қажет. Қазіргі жастардың ағымдағы мүдделері мен қажеттіліктерін талдауды ескере отырып, мемлекет заңнамалық деңгейде халықтың осы тобының әлеуетін іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға және жақсартуға ұмтылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар