Ұлттық экономика министрлігі өзіне қарасты ұйымдарда алты айдан бері толтырылмаған бос штат бірліктерін қысқарту туралы бұйрық бекітті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа талапқа сәйкес, жаргода бар болғанымен, жарты жылдан астам уақыт бойы ешкім жұмыс істемеген қызмет орындары қысқартылады. Соған байланысты ұйымдардың еңбекақы төлеу қоры да қайта қаралады.
Алайда бұл ереже барлық лауазымдарға бірдей қолданылмайды. Қысқарту мына қызметтерге жүрмейді:
- бірінші басшылар;
- маусымдық қызметкерлер;
- ядролық физика, жоғары технологиялық жабдықтар немесе сирек кездесетін инженерлік бағыттағы жоғары білікті мамандар;
- еңбек заңнамасына сәйкес сақталуы тиіс жұмыс орындары.
Министрлік мәліметінше, ұйымдардың даму жоспарларына өзгеріс енгізу тәртібі де нақты белгіленген. Егер ұзақ уақыт бойы бос тұрған жұмыс орны анықталса, атқарушы орган оны қысқарту және еңбекақы қорындағы өзгерістерді негіздеп, жаңартылған даму жоспарын ұсынуы тиіс. Бұл жоспарлар жыл сайын 25 маусым мен 25 желтоқсаннан кешіктірілмей қаралып, бекітіледі.
Сонымен қатар ұйымдардың есеп беру талаптары күшейтілді. Енді олар қызметкерлер саны мен еңбекақы қоры туралы деректермен бірге қысқартылған бос штат бірліктері жөнінде де есеп тапсырады.
Министрлік бұл шаралар кадр саясатын ашық жүргізуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және мемлекеттік ұйымдардағы тәртіпті күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
