Жансейіт Түймебаев: «Цифрландыру Оңтүстікте сәтті іске асуда»

Dalanews 05 мау. 2018 10:56 789

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті.



Еліміздің саяси, экономикалық және қабылданған бағдарламалық құжаттар аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланған кеңесте онлайн режимде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі партия тарапынан атқарылған жұмыстар жайы мен  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының облыста іске асырылу барысын баяндады.

Онда әкім білім саласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және есепке алу,  орындарын алмасу процестері автоматтандырылғанын айтып, мұндай шешім республикада бірінші рет іске асырылғанын мәлім етті.

– «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру біздің ерекше назарымызда. Бұл бағыт бойынша облыста жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Цифрландыру білім саласында да сәтті енгізілуде.  Мәселен, бүгінде балаларды бала бақшаға қабылдау автоматтандырылған. Қазіргі уақытта бұл қызметтің түрі бойынша 98 172 өтінім келіп түсіп, 30645 бала электронды өтініштер арқылы балабақшаларға жіберілді. Бұл жүйе Шымкенттегі 459 мектепке дейінгі ұйымдарда енгізілді, ол 100 пайызды құрайды. Ал жалпы орта білім беретін мемлекеттік мектептерге 1-сыныпқа есепке алу  процесі автоматттандырылса, білім саласында қол жетімділік, қолайлылық және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кадр іріктеу мәселесі де цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жүйе Шымкент қаласындағы барлық мектептерге ендірілді. Бүгінгі таңда осы жүйе арқылы 2374 өтінім қабылданып, 1010 ашық конкурс өткізілді. Нәтижесінде 654 кандитат жұмысқа орналасты. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелін 80 пайызға жойса, келіспеушілік бойынша арыздарды 92 пайызға, сондай-ақ, ашық бәсекелестікті ұйымдастыру нәтижесінде педагогикалық құрамның саны артты, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Елбасыға денсаулық сақтау саласында облыс аумағындағы 69 емханада кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізіліп, бұл «дәрігерді үйге шақыру», «дәрігердің қабылдауына жазылу», «медициналық ұйымға тіркелу» сынды қызметтерді алуға мүмкіндік туғызғаны туралы баяндалды.

Өз сөзінде әкім облыс көлеміндегі барлық 15 аудан орталығы, 181 ауыл округтері және 834 елді мекендердің картасы цифрлық форматқа көшіріліп, ондағы әрбір құрылыс нысаны «Мекенжай тіркелімі» деректер қорымен сәйкестендірілгенін айтып өтті. Аталған цифрлық карта негізінде бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша таза су жеткізу тораптары толығымен енгізілді және техникалық шарттарды беру үдерісі автоматтандырылды. Бұдан бөлек цифрлық карта ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, су қорғау белдеулері, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскілері туралы ақпаратты қамтиды.

Бұдан басқа  әкім Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына «Нұр Отан» партиясының  жобасы аясында облыста 26 IT-сыныбы ашылатынын хабарлады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында 6 IT-сынып ашылды. Ал жалпы 2020 жылға дейін 106  ІТ-сынып ашылып, оларды 100 пайыз материалдық техникалық базамен жабдықтау жоспарланған. Бұдан бөлек, өңірде «ІТ мамандарын дайындау» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша жыл аяғына дейін 2 – ІТ орталық ашу көзделуде. Қазіргі таңда аталған жоба шеңберінде IT-орталық М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында ашылған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар