«Шөлейт даланы жәннат мекенге айналдырған мақтааралдықтар сіздердің ерен еңбектеріңіз мақтауға әбден лайық. Енді бір он жылдан кейін ғасырлық тойын тойлаймыз. Облысымыздың басқа аудандары сияқты мақталы Мақтааралдың да тарихы өте бай. Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған бұл мекеннің ерекшелігі – жерінің жомарттығында. Мақтааралдықтардың ерен еңбегі мен ақылы – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды.
Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтқан екен.
Міне, Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтаарал ауданының мерекесі бәрімізге ортақ.
Мақсат — той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру», – деді Жансейіт Қансейітұлы.