Жарыс қорытындысы бойынша өткен марапаттау рәсімінде облыс әкімі А. Баталов:
– Жанайдар Жылқайдарұлы көңілі кең, жүрегі жомарт, өте еңбекқор, жан-жақты азамат болатын. Өңірдің волейболын дамытуға елеулі үлес қосты. Туған ауылына көп қамқорлық көрсетіп, өз қаражатына стадион салып берді. Қазір онда қаншама бала жаттығып жүр. Жанайдар жақсы әке, адал дос, елге пана бола білген азамат. Осы турнир бұдан былай да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады, – деді өз сөзінде.
Турнирде Талдықорған волейболшылары бірінші орынды иеленсе, Қарасай ауданының споршылары екінші, Ұйғыр ауданының ардагерлері үшінші тұғырдан көрінді. Төртінші орын Көксу ауданының споршыларына берілді. Жеңімпаздардың барлығына Кубок және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Еске алу турнирін Аламты облысының және Көксу ауданының әкімдіктері, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы ұйымдастырып, Ж. Егінбаевтың курстас достары демеушілік көрсеткенін айта кету керек.
Еске салсақ, Жанайдар Егінбаев ауыл шаруашылығында, жол-көлік саласында еңбек еткен. «Шаңырақ», «Талдықорған жолдары» ЖШС-ларын басқарған. Алматы облыстық мәслихатының бірнеше дүркін шақырылымдарының депутаты болды. Алматы облысының және Көксу ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.