Қазақстанда тұрақты тұруға ниетті шетел азаматтарына арналған сұранысқа ие мамандықтар тізімі қайта қаралады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, елде шетелдік мамандар үшін арнайы визалар қарастырылған. Олардың қатарында тұрақты тұруға мүмкіндік беретін санат та бар. Мұндай визалар сұранысқа ие кәсіп иелеріне беріледі. Атап айтқанда, тізімге нейрохирургтер, гематологтар, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологтары, бактериологтар, графикалық анимация техниктері және басқа да мамандар енгізілген. Қазіргі таңда бұл тізімде жалпы 51 мамандық бар.
Сонымен қатар министрдің сөзінше, аталған тізім тұрақты түрде жаңартылып отырады. Ол ел экономикасының қажеттіліктеріне қарай өзгертіліп, тиісті мемлекеттік органдармен келісу арқылы өзектендіріледі.
Бүгінде бұл бағыттағы кезекті жаңарту 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылмақ. Жоспар бойынша, жаңа тізім жыл соңына дейін бекітіледі. Мұндай тәсіл экономикадағы өзгерістерге жедел бейімделіп, елге нақты қажет мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жоғары білікті мамандар мен цифрлық көшпенділерге арналған визалардың жаңа форматтары енгізілген. Бұл өз кезегінде әлемдік деңгейдегі таланттарды тартуға және заманауи технологиялардың дамуына жол ашады.
