Freedom Inside '26

Жаңа оқу жылы мерекесі құтты болсын!

Жаңа оқу жылы мерекесі құтты болсын!
Жайдары жаз мезгілі межесіне жетіп, күз айы да келіп жетті. Күзбен бірге кезекті оқу жылы басталып, бала біткен мектепке оралды. Бүгін 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі барлық өңірлердегі секілді, біздің ауданда да өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Жаңа оқу жылының құрметіне орай, карантин ережелерін сақтай отырып, аудан әкімі А.Абдинов Үшарал қазақ гимназиясының балдырғандарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап қайтты.



Білім - игілік пен бірліктің, бақыт пен бақтың, байлық пен дәулеттің негізгі көзі.
Салтанатты жиында барлық бүлдіршіндерге Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің әдістемесіне негіздей отырып әзірленген «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табыс етілді.

«Биылғы оқу жылында орта білім беретін мектептерге 14 605 оқушы, оның ішінде 1 – сыныпқа 1256 оқушы қабылданып, оларға 1850 педагог сабақ беретін болады. Олардың қауіпсіздігі үшін бүгіннен бастап аудандағы 44 мектеп дәстүрлі түрде санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыстарын бастады.»,-деді аудан басшысы.



Сонымен қатар, өңір басшысы кішкентай бүлдіршіндерге болашаққа қаққан қанаттары талмай, еңсесі биік еліміздің өрісі биік азаматтары болуларына шын жүректен тілектес екендігін жеткізіп, ұстаздар және ата-аналарға өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы ерең еңбектеріне тың табыстар мен шығармашылық ізденістер тіледі.

Егемен еліміздің ертеңі – жас өркендеріміздің аттаған қадамдары оң болсын!

Білім күні құтты болсын!

Қасиет АРСТАН,
Алакөл ауданы әкімінің
баспасөз-хатшысы