Жамбылдағы жарылыс? Бұған кім кінәлі екенін білемін – отставкадағы генерал

Dalanews 03 қаз. 2021 04:52 1451

Қазақстан Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары,  «Қазақстан Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі президиумының мүшесі Айтқали Исенғұлов Арыстағы жағдайға қатысты журналист Владимир Северныйға берген сұхбатында бар шындықты жайып салды. 

Айтуынша, бір кездері Арыс пен Байзақтағы арсеналдарды тексерген. Сол кездің өзінде оқ-дәрілерді сақтауға қатысты көптеген олқылықтарды байқаған. Ардагер бүгінгі таңда да аталған саладағы мәселе түбірімен шешілмегенін және әскердегі бар кемшіліктердің себебі де соларда боп тұрғанына сенімді.

Арыс пен Байзақтағы жарылыстан кейін бірнеше жазықсыз жанның өмірін жалмаған апаттың шынайы себебі қандай, жалынның шығуына не түрткі болғанын әзірге ешкім ашып айтпады.

– Мен Қорғаныс министрінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған кезде сол қоймаларға барып, оқ-дәрі бөшкелерінің үстінде отырғанымызды айттым. Сол кездің өзінде оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау үшін ешқандай нормалар сақталмаған еді.

Есіңізде болса, 2001 жылы Тоқырауда арсенал өртенді, содан кейін 2019 жылы Арыс қаласында жарылыс болды. Қазір Королевка (Байзақ) инженерлік қоймалар әуеге көтерілді. Мен тіпті сол жердегі шөптерді шабуға мәжбүрледім. Полковник Садықов  тұрғын үйлердің қоймаға жақын тұрғанына назар аударғанымды еске алды. Бәрін қалай бар солай айттым және ескерттім. Бізде, саяси қызметкерлерде ең бастысы, барлық бөлімдердегі жағдайды жақсы білу. Әскерлерде қандай жағдай болып жатқанынан толықтай хабардар болып, Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке ылғи баяндайтын едім.

– Осының бәрін ескерсек, сіздіңше, әскери қоймалардағы өрттер мен жарылыстардың басты себебі неде?

– Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сату. Мен әрдайым мұндай заңсыз саудаға қарсы болғанмын. Әскерден кетуімнің негізгі себебі де осында жатыр. Қазір бәрін айтып беремін...

Қорғаныс министрлігінің қарсы барлау бастығы полковник Борис Владимирович Гундарь маған келіп, сатылымға «Град», «Ураган», «Смерчь» снарядтарының бүтін партиясы дайындалып жатқанын айтады...  


Мұның бәрін заңсыз, арзанға Қорғаныс министрі, генерал Қасымов Әлібек Хамидұлы сатқысы келіп жатыр дейді. Кейінірек олар маған қол қою үшін қажетті құжат қағаздарын әкелді, бірақ мен ол құжатқа қол қоймадым. Таңғаларлығы, аталған құжатта Қорғаныс министрінің қолы қойылған, негізі, оның қолы өз орынбасарларынан кейін ғана тұруы тиіс. Бірақ ол құжатқа бірінші қол қою арқылы орынбасарларына сес көрсеткен.

– Ал сіз ше? Неліктен министрдің бұйрығына бағынбадыңыз? 

– Мен бұл іске қатысудан бас тартып, оқ-дәрілерді сату туралы шешімге қол қоймадым. Сосын әскери қызметтен босау үшін ауруханаға жаттым.

Сол кездегі Қорғаныс министрінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор Сапсай маған палатаға келіп, «Шымкенттегі ұшақ Арыс қаласынан оқ-дәрілермен тиелгенін және сатуға рұқсат болмағандықтан ұша алмай тұрғанын айтты».

Сосын мен оған «қолыңда құжат бар ма?» дедім. Ол болса «жоқ» дейді. Онда «неліктен бөтен біреу қоймаға кіріп, оқ-дәрілерді ұшаққа тиеді» деп сұрадым. Ол болса министр Қасымов ауызша айтты дейді. Мен оған: «Валера, Қорғаныс министрінің жазбаша бұйрығы болмаса, ертең өзің түрмеге отырасың» деп ескерттім. Айтқанымдай-ақ болды.

Сол себепті өрттің негізінде сыбайлас жемқорлық жатыр деп мәлімдеймін.  Менің сөзімнен тура осылай жемқорлық деп жазуыңызға болады. Неге десеңіздер, сол кезде Арыста да осындай бассыздықтар орын алды, оқ-дәрілерді шығарып сатты.   


Қару-жарақ министрінің орынбасары сотталғанмен, ешқандай қорытынды жасалған жоқ. Олар бұл істерін жасауды жалғастырған болу керек.  Мен қару сатумен Қорғаныс министрі Әлібек Қасымов қана айналыспағанын, оның артында тағы адамдар тұрғанына көз жеткіздім. Бұл туралы оған ашық айттым. Нәтижесінде, мені қызметімнен босатып, орныма басқасын ұсынды. 1997 жылдың 17 сәуірі күні мен әскердегі қызметімнен босатылдым.

Байзақтағы жарылыстан кейін Нұрлан Ермекбаев өз еркімен отставкаға кеткенде қандай ойда болдыңыз?

– Ермекбаевты жұмыстан шығару – тек салдары ғана. Оған дейін тек әскери министрлер болды: А.Х. Қасымов, М.К. Алтынбаев, С.А. Жасұзақов және қару-жарақ бойынша орынбасарлары штатта болды. Сонымен, қару жөніндегі орынбасарлардың бәрі қайда, неліктен оларды ешкім еске алмайды? Қару-жарақ пен оқ-дәрілерге, сондай-ақ КЭУ-ғимараттар, оларды пайдалану мен өрт қауіпсіздігі үшін солар жауап беруі тиіс.

Бірақ бұл адамдар жарылыстардан кейін тасада қалады, оларды естімейміз, көрмейміз. Неге сұрау солардан болмайды?

Олардың тіпті тегі белгісіз және еш жерде аталмайды. Олардың бәрі қарақшылардың асыраушылары және мен мұны диктофонға тікелей айтамын. Сондықтан жазыңыз. Сондықтан олардың бәрі аман қалады. Қазір қару-жарақ министрінің орынбасары лауазымы жоқ. Ол жауапты емес, тек жетекшілік етеді. Штатты да ауыстырған. Министрдің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қазір жоқ. Бұл қалай сонда?

Тоқпақбаевты Қорғаныс министрі етіп сайлағаннан кейін Тоқырауда жарылыс болғаны туралы ойладыңыз ба? Мен айтайын, демек, ол жердегі ревизиядан қорықты. Кезінде Сәт Бесимбайұлы қорғаныс министрлігінде өте үлкен тазалық жұмыстарын жүргізген.

БАҚ-ты оқып отырсам, Арыстағы өртке қарсы дабылды қамтуға 655 миллион теңге бөлген. Ал онда аталған соманың үштен бір бөлігі ғана жетті.  Бір компания жеңіп алды, ары қарай іздерін жасыру үшін қосалқы мердігер компанияларға беріп тастады. Мен ылғи тендерді жеңіп алған адам жауап беруі керек деп айттым. Олардың қайсысы жауапқа тартылды? Ешқайсысы да тартылмады.

Сондықтан әскери қоймалардағы өрттердің шығуының басты себебі жемқорлықта екенін қайталап айтамын. Біз осыны ысырмайынша, еш жерде тәртіп болмайды.

Мысал айтайын.

Арыстағы әскери қоймалардағы тексерістен кейін сол арсеналдың бастығы мерзімінен бұрын «полковник» атауын алды. Әрине, мен қарсылық таныттым, бірақ министр Қасымов оған лауазымды тағайындауға қатысты бұйрыққа қол қояды. Содан 3 тәулік өткеннен кейін полковник құпия құжаттардан жеке ісін алып, үйдегі заттарын жүк көлігіне тиеп, қызметін өткізбей, рұқсатсыз Ресейге кетіп қалады. Мұндай сәттер аз болмады.

– Одан бері біраз уақыт өтті. Қазір не болып жатқаны маңызды. 

– Сол себепті де мен Ермекбаевты да, Бектановты да айыптамаймын. Олардан 20 жыл бұрын адамдар сол лауазымдарда болды. Олар не істеді?

Мен 1993 жылдың наурыз айынан бастап әскери қоймаларда былық болып жатыр деп бәрінің мазасын алдым, бірақ мені ешкім тыңдамады. Тыңдағылары келмеді.    


– Алматыда да қару-жарақ пен оқ-дәрі сақтайтын қоймалар бар. Олар ертең жарылады деп ойлайсыз ба?

– Қапшағайда артиллерия қоймасы бар. Бірнеше жыл бұрын сондағы басшының бірі асылып қалған, мүмкін оны асып тастаған болар. Тергеу амалдары бұл туралы ештеңе демеді. Қазір тағайындалған адамды емес, бұрын болған адамдарды кінәлау керек. Қазақта «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деген мақал бар.

– Байзақтағы жарылыс қолдан жасалған деп ойлайсыз ба? 

– Онсыз болмайды деп ойлаймын.

– Ішкі істер министрлігінің тергеу тобы бұл қылмыстық істе шынайылық пен кәсібилік таныта ма? 

– Аяғына дейін сенімді емеспін. Құрбандар көп және осы оларды әділеттілікке итермелеуі керек. Бәріміз Жаратушының қарауындамыз.  Кейде біздің абайсыздығымыз бен жауапкершілігіміздің жоқтығы адамдардың құрбан болуына әкеледі. Егер тергеушілер әділетсіздік танытып, қол қусырып отырар болса, онда адамдардың қаны олардың да мойнында.

– Жаңа министр генерал-лейтенант Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қандай кеңес бересіз? 

– Ең алдымен, мен оған әскердегі сыбайлас жемқорлықты жою жұмысын бастауға кеңес берер едім. Қажет болса, жақын досын да құрбан етіп, қатаң жаза берсін. Армия қатарындағы осы зұлымдыққа аяусыз соғыс жарияласын. Барлық қиындықтар осыннан басталып тұр. Басқа ведомстволардан министрлікке офицерлерді алуды тоқтату керек!

– Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне келген полиция генералы Бағдат Майкеевтің қайтарымы көлігіне абайсыз түсіп кеткен $1,6 миллион АҚШ доллары болды ма?

Әлібек Қасымовтың  өзі біраз дүние жасады ғой. Инженерлік және химиялық әскерлер департаментін біріктіру де, зымыран әскерлері мен артиллерияның, тыл мен техникалық қызметтердің жекелеген құрылымдарын терең зерттеусіз қысқарту да осы «данышпан» министрдің тұсында болды. Әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған кейбір жеңілдіктерді тоқтатқаны ше? Айтпақшы, Әлихан Жарболов сол кезде Бас штабтың бастығы болған. Ол неге үнсіз қалды?

Ресми тексеру бар кезде армияның жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілеті болмайды!

Ресей Федерациясы  Қарулы Күштердегі негізгі саяси басқаруды қайта құру шешімін қабылдап, кейбір генералдар адмиралдарға 70 жасқа дейін қызмет етуге рұқсат берді. Бұл тәжірибені бізде де қабылдау керек, бірақ бізде олай жасамайды. Олай етер болса Сағадат Нұрмағамбетовтен кейін құрылған сыбайлас жемқорлық жүйесі бұзылады. Атақты генералдың Отанға қызмет етудегі үлгісін сақтай алмады.  Ол аз ғана бюджетпен әскерді әскери тәртіпке келтірді, сыбайлас жемқорлықтың кішкентай белгілері де болған жоқ.

Егер жаңа министр дұрыс қорытынды шығарар болса, жағдайды түзетуге болатынына сенімдімін! Бектановқа балшық жаққаннан гөрі, көмектесу керек. Біз, ардагерлер, оның әскердегі басты лауазымға келуімен сыбайлас жемқорлықсыз тәртіп келеді деген үміттеміз. Бүгінгідей күрделі жағдайда Қазақстан армиясының жауынгерлік дайындығын жан-жақты арттыру өте маңызды.


Авторы: Владимир СЕВЕРНЫЙ


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар