Іздеуде жүрген экс-көлік прокурорының туыстары Дубайдан қымбат пәтер иеленген

Көркем Алдабергенова 04 қыр. 2025 11:35

Іздеуде жүрген экс-көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновтің туыстары Дубайдан қымбат пәтер иеленген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Telegram-дағы «Выход к морю» арнасының мәліметінше, Мақсат Дүйсеновтің туған інісі Асхатқа Jumeirah Gate Tower тұрғын кешенінен апартаменттер тиесілі. Олардың құны 4,7 млн доллар деп бағалануда. Ал тұрғын үй кешенінің жерасты автотұрағындағы екі тұрақ орнын ескергенде, Асхат Дүйсеновтің Jumeirah Gate Tower-дегі активтері 2,7 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

«Сонымен бірге оның ірі бизнесі жоқ, бірақ салық қарыздары, Астанадағы сәтсіз инвестициялары және қылмыстық өткен шағы бар. Дегенмен бұл жағдайлар ағасының құқық қорғау органдарындағы мансабына еш әсер етпеген», – деп жазады авторлар.

Алматы қаласы Алмалы ауданы полициясы прокуратураның бастамасымен Мақсат Дүйсеновке іздеу жариялаған. Оны Қайрат Қожамжаровтың командасының мүшесі ретінде атайды.

2013–2014 жылдары Дүйсенов ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшылығы секторының меңгерушісі қызметін атқарған. Бұл кезде Қожамжаров Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған.

2016 жылдың қазанынан 2018 жылдың қаңтарына дейін Дүйсенов Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал сол уақытта Қожамжаров Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарды.

2017 жылдың желтоқсанында Қожамжаров Бас прокурор қызметіне кірісті, ал Дүйсенов 2018 жылдың қаңтарынан бастап Бас транспорттық прокурордың бірінші орынбасары, кейін Бас транспорттық прокурордың өзі болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар