Фотосурет – уақыт капсуласы іспетті. Кейде ол таңғаларлық оқиғалардың сырын ашады. Осындай жағдай Римдегі пиццериялардың бірінде болған. Онда қазақстандық бойжеткен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше суретін көрсеткен ер адаммен танысқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Tengrinews.kz басылымының WhatsApp нөміріне 2025 жылы оқырман Жазира Сағындықова хабарласып, қызықты оқиғаны айтып берді. Оның 18 жастағы қызы Жанель Шайманова қазір Римдегі Сапиенца италиялық мемлекеттік университетінің өнер және гуманитарлық ғылымдар факультетінде оқиды.
2024 жылғы 10 желтоқсанда Жанель жергілікті пиццерияға тамақтануға кірген. Сол жерде оны ерекше тосынсый күтіп тұрған. Қыздың қазақ тілінде сөйлегенін естіген мекеме иесі өзінің де қазақ тілін білетінін мақтанышпен айтқан. Бұған қоса, ол жас кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге футбол командасында ойнағанын көрсететін фотосуретті көрсеткен.

Оқырман ұсынған суретте Тоқаев жоғарғы қатардың ортасында, сары формада тұр. Ал болашақ пиццерия иесі оның сол жағында, ақ формада бейнеленген.
"Бұл сәт қызымның жанын Қазақстанға деген мақтаныш сезіміне бөледі. Сонымен қатар спорттың көшбасшылар өміріндегі маңызды рөлі туралы ой салды. Бір қызығы, пиццерия иесі бұрын Қазақстандағы Италия өкілдігінде 9 жыл жұмыс істеген екен. Бұл әлемнің қаншалықты тығыз байланысты екенін тағы бір дәлелдейді", – деді Жазира.
Жанелдің айтуынша, пиццерия иесі біраз уақыт Алматыда да тұрған.
"Ол кез келген нәрсенің жақсы жағын таба білу керек екенін айтты", – деді бойжеткен.
