Қызылорда қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, 32 жастағы ер адам 2024 жылы бірнеше сыбайласымен бірге Instagram желісінде жалған парақша ашып, қазақстандықтарды оңай табысқа кенелуге уәде беріп алдаған.
Олар әлеуметтік желі қолданушыларына "салған ақшаңызды бірнеше есе көбейтіп қайтарамыз" деп сендіріп, жәбірленушілерден қаржы жинаған. Кейін қаражат "1XBETKZ" букмекерлік кеңсесі мен "Wooppay Wallet" төлем жүйесі арқылы иемденілген.
Нәтижесінде еліміздің әр өңірінен 154 адам алаяқтардың құрбаны болып, келтірілген шығын көлемі шамамен 12 миллион теңгені құраған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды толық өтеген.
Прокуратураның хабарлауынша, осыған байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған. Қазір сотталған азамат тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда. Сот үкімі заңды күшіне енді.