Кейінгі жылдары Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыруға және мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар күшейіп келеді. Мемлекет кедергісіз орта қалыптастыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге басымдық беріп отыр. Дегенмен заңнамалық өзгерістер мен инфрақұрылымнан бөлек, қоғам көзқарасын өзгерту де маңызды. Бұл бағытта өнер мен мәдениеттің ықпалы зор. Осы идеяны негізге алған әзілкеш, стендапер Абылай Исин бірнеше жылдан бері “Инвалиды, алға” атты ерекше жобаны жүзеге асырып келеді. 23 шілдеде Астанада үшінші рет өтетін концерттің басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде таныту. Dalanews.kz тілшісіне берген сұхбатында ол жобаның қалай пайда болғанын, қоғамда қалыптасқан түсініктерді және инклюзивті қоғам құрудың қарапайым жолдары туралы сөз қозғады.
Абылай Исиннің айтуынша, аталғаг жобаның дүниеге келуіне қоғамда көзге көрінбейтін психологиялық кедергілер себеп болған.
“Бұл идея мүмкіндігі шектеулі жандар мен қоғам арасындағы көпір болғым келгеннен туды. Көп жағдайда адамдар бізге жақындауға қорқады немесе еріксіз аяушылықпен қарайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да кейде өз әлемінде қалып қояды. Мен осы арадағы қашықты азайтқым келді”, – дейді ол.
Әзілкештің сөзінше, алдағы концерт – осы форматтағы үшінші кеш. Бұған дейін ұйымдастырылған екі концерт те көрерменнің ыстық ықыласына ие болып, қатысушылардың да, залға жиналған жұрттың да көңілінен шыққан.
“Залда ерекше атмосфера қалыптасты. Адамдар бірге күліп, әңгіме-дүкен құрды. Көрермен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өздеріне қатысты өте өткір әзіл айта алатынын көрді. Көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтар қойылды, біз де оған әзіл арқылы жауап бердік”, – дейді Абылай.
Біз де басқалар сияқты қарапайым адамдармыз
“Инвалиды, алға” жобасының басты ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін аянышты оқиға ретінде емес, өмірдің қалыпты бір бөлігі ретінде көрсету.
“Біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеміне кішкентай есік ашамыз. Негізі біз де бәрі сияқты адамдармыз. Артықшылығымыз да, кемшілігіміз де бар. Бізді тек диагнозымыз арқылы бағалауға болмайды”, – дейді ол.
Абылай Исиннің пікірінше, қоғамдағы ең үлкен мәселе – физикалық кедергілерден бұрын адамдардың санасында қалыптасқан түсінік.
Ең ауыры – аяушылық
Стендапер қоғамда әлі күнге дейін сақталып отырған ең үлкен стереотиптің бірі – аяушылық сезімі екенін айтады.
“Кейде адамдар ештеңе демесе де, жанары арқылы аяп тұрғанын сезесің. Кейбірі қалай сөйлесерін білмей ыңғайсызданады. Шынымды айтсам, мұндай көзқарас кейде адамның өзін ашық қорлағаннан да ауыр тиеді”, – дейді ол.
Айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдардың басым бөлігінде өзін-өзі әжуалай алатын қасиет бар.
“Біз өзімізге қатысты өте қатты әзіл айта аламыз. Өйткені өмірге күліп қарауды үйренгенбіз”, – дейді Абылай.
Концерттен кейін адамдардың көзқарасы өзгеріп шығады
Оның айтуынша, концерттен кейін көпшілік мүмкіндігі шектеулі жандар туралы бұрын қалыптасқан түсінігінің шындыққа жанаспайтынын мойындаған.
“Концерт аяқталғаннан кейін адамдар бірге суретке түсіп, бір-бірімен танысып, әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатады. Көпшілігі: “Біз бәрін басқаша елестетіппіз. Негізі бәрі әлдеқайда қарапайым екен” деп айтып жатады”– дейді ол.
Әзілкеш ерекше есте қалған оқиғалардың бірі ретінде Тимур есімді жігіттің оқиғасын бөлісті.
“Ол – церебралды сал ауруымен өмір сүретін жігіт. Өлең жазады. Концерттердің бірінде сахнаға шығып өзі туралы әзіл айтты. Залдағы адамдар оны бірден жылы қабылдады. Сол кезде көрерменнің оның диагнозына емес, тұлғасына, таланты мен әзіл-қалжыңына назар аударғанын көрдік”, – дейді комик.
Инклюзивті орта үшін бірге отырып шай ішудің өзі жеткілікті
Абылай Исиннің пікірінше, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеудің ең тиімді жолы – оларды ерекше адам ретінде бөліп қарамау.
“Кейде біз бұл мәселеге тым салмақты қарап кетеміз. Негізі бірге отырып шай ішіп, әңгімелесудің өзі жеткілікті. Көп адам өмірге әлдеқашан бейімделген. Сондықтан ең маңыздысы – қалыпты қарым-қатынас”, – дейді ол.
Оның айтуынша, стендап концерті де осы әлеуметтенуге үлкен серпін береді.
Қарапайым азаматтар инклюзивті қоғам қалыптастыруға қалай үлес қоса алады деген сұраққа Абылай:
“Жай ғана келіп танысыңыздар. Әңгімелесіңіздер. Біз ешкімді тістемейміз”, – деп жауап берді.
Комиктің пікірінше, мүмкіндігі шектеулі жандармен қарым-қатынаста артық қысылудың немесе оларды өзгеше қабылдаудың қажеті жоқ.
“Олардың көбі өз өміріне бейімделіп кеткен. Олар да жұмыс істейді, достарымен кездеседі, саяхаттайды. Сондықтан ерекше қарым-қатынастың қажеті жоқ. Ең маңыздысы – шынайы сөйлесу”, – деп қосты ол.
Ең алдымен өз шекараңды өзің қорғауың керек
Абылай Исин өз өміріндегі ең үлкен қолдауды отбасынан көргенін айтады. Алайда алғашқы кезеңде олар да әзілкешті аяуға тырысқан.
“Басында жақындарым мені аяй бастады. Маған бұл ұнамады. Сол үшін өзім қарсы шығып, пікірімді қорғауға тура келді. Кейін олар менің белсенді өмір сүріп жүргенімді көріп, маған дені сау адамдай қарай бастады. Тіпті кейде мүгедектігімді ұмытып кететін”, – дейді ол.
Оның пікірінше, адамның өзі шекарасын нақты қоя білуі керек.
“Тіпті ең жақын адамдарыңа да қай жерде аяушылықтың артық екенін айту маңызды. Әйтпесе сол сезімге үйреніп кету оңай. Ал бұл адамның алға жылжуына кедергі келтіреді”, – дейді Абылай.
Әзіл арқылы адамдардың бір-біріне жақындағанын қалаймын
Алдағы жоспарлары туралы айтқан комик жобаны Қазақстанның өзге қалаларына шығаруды көздейтінін жеткізді.
“Ендігі мақсат – Қазақстан бойынша тур ұйымдастыру. Сонымен қатар жобаны YouTube платформасына шығарып, көп адамға жеткізгіміз келеді”, – дейді ол.
Айтуынша, алғашқы концерттерде сахнаға басқа да мүмкіндігі шектеулі жандар шығып үлгерген. Үшінші концертте де ол жалғыз өнер көрсетпейді.
“Бұл жолы менімен бірге мүмкіндігі шектеулі екі қыз да сахнаға шығады. Мен әзіл арқылы біздің де бәрі сияқты өмір сүретін қарапайым адамдар екенімізді көрсеткім келеді. Шын мәнінде, бәріміз бірдейміз. Тек әрқайсымыздың өмірдегі сынағымыз әртүрлі”, – дейді Абылай Исин.