Ғабит Сыздықбеков шымкенттіктерге үндеу жасады

Қаракөз Амантай 15 ақп. 2024 10:07 2199

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарына өтініш білдіре отырып, әлеуметтік желідегі Instagram парақшасында өз мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың 14 ақпанында жарияланған жазбасында қала басшысы Шымкентті дамытуға қатысты азаматтардың ұсыныстары мен өзекті мәселелері әрдайым назарда екенін жеткізді. 

"Мен сіздердің хабарламаларыңыз бен пікірлеріңізді оқимын. Олардың ешбірін назардан тыс қалдырмаймын. Кей мәселелерді зерделеу белгілі бір уақытты қажет етеді. Сондықтан сіздерден сабырлық, түсіністік танытуларыңызды сұраймын. Менің әріптестерім өздеріңізбен міндетті түрде байланыс орнатады", - дейді Ғабит Сыздықбеков. 

Сонымен қатар ол қазіргі таңда аудан әкімдері аппараттары мен басқармалар келіп түскен өтінімдерді қарастырып жатқанын атап өтті.

"Мен қашан да сіздермен диалогқа ашықпын, идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды қуана қабылдаймын", - деп түйіндеді әкім.

Еске салайық, 2024 жылғы 16 қаңтарда Сыздықбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Жиында әкім Шымкент қаласының 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар